Халқымыздың бойында өнерге деген құштарлық пен әнге деген сүйіспеншілік ежелден бар екеніне тарихымыз дәлел. Ауданымызға қарасты Шалқар ауылындағы Өнер мектебінің шаңырақ көтергеніне аз болса да қарасайлық жас дарынды да талантты бүлдіршіндердің қанатын қатайту бағытында қарқынды еңбек етіп келеді. Аз уақыттың ішінде мектеп талапкерлері түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Өткен аптаның жексенбісі күні өнер ордасы өзінің бір жылда атқарған жұмысын көрсету мақсатында Шамалған округіндегі Мәдениет үйінде «Біз – өмірдің гүліміз!» атты есеп беру концертін өткізді.
Өнер ордасының қорытынды кешін тамашалауға келген ата-аналармен қоса ауыл тұрғындарының да қарасы қалың болды. Олардың назарына алдымен «Көркем сурет» атты жас қылқалам шеберлерінің салған туындылары қойылған көрме ұсынылды.
Мұнан кейін қонақтар негізгі залға кіріп, олар үшін Елеман Хумарбектің жетекшілігімен дайындалған арнайы «Көлеңкелі театрын» тамашалады. Онда «Театр өнері» сыныбының оқушылары ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас, кішкентай баланың өсіп, мектепке, жоғарғы оқу орнына, әскерге барғанын, өзінің жеке отбасын құрып, тұлға болған кезеңін көрсетті.
Залда жинылғандардың көбі ата-ана болғандықтан, бұл көрініс оларға ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ үлкен экранда Өнер мектебі және оның талапкерлері жайында бейнеролік көрсетілді.
Бұдан кейін кешті салтанатты түрде ашу үшін ортаға Өнер мектебі директорының міндетін атқарушы Бағлан Шапиева ашып, бір жылда атқарылған жұмыстар жайлы айтып өтіп, білім ордасының ұжымына сенім білдірген ата-аналар мен балаларға алғысын білдірді.
– Бұл өнер ордасының ашылғанына аз болса да мені шәкірттеріміздің өнерге деген құрметі, қызығушылығы қуантады. Мектебіміздің негізгі мақсаты – балалардың музыкалық сауатын ашу, музыкаға деген қызығушылығын арттыру, аспаптарда ойнауға үйрету және ұлттық музыкалық аспаптарды кеңінен насихаттау.
Педагогикалық тәжірибеде өнермен шұғылданатын оқушылардың ой өрісі кең, білімге құштар, ортада белсенді, талғамы жоғары болып келетіні айқын. Осы мақсаттарды іске асыруда биылғы оқу жылы фортепиано – 87 оқушы, дәстүрлі ән – 5 оқушы, ән жыр – 4 оқушы, саксофон – 5 оқушы, домбыра – 68 оқушы, баян – 5 оқушы, хореография – 52 оқушы, бейнелеу өнері – 30 оқушы, ән салу – 17 оқушы, цирк өнері – 19 оқушы, театр өнері – 36 оқушы, гитара – 10 оқушы, қобыз – 3 оқушы, қылқобыз – 6 оқушы, осы мамандықтары бойынша барлығы 347 оқушы қосымша білім алды.
Өнер мектебінің педагогтары балаларға қосымша білім мен саналы тәрбие беруде үнемі ізденіс үстінде. Бұның нәтижесінде шәкірттер аудандықтан бастап халықаралық байқау-сайыстардың жеңімпаздары болды. Алдағы уақытта да біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Сөз соңында жиналған ата-аналарға өз алғысымды білдіргім келеді, – деді Бағлан Шәкенқызы.
Құттықтау сөздерден кейін «Серпін» ансамблі «Секіртпе» күйін орындап жиналғандарға тамаша көңіл-күй тарту етіп, концерттік бағдарламаны ашты.
Жалпы кеш барысында сахна төрінде «Ән терме», «Домбыра», «Вокал», «Фортепиано», «Хореография», «Цирк өнері», «Хор» үйірмелерінің шәкірттері өнер көрсетіп, қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
«Хореография» сыныбының мың бұралған қыздары «Қазақ биі», «Гүлдер», «Өзбек биі» атты билерімен кештің көркін аша түсті. «Вокал» үйірмесінің бүлдіршіндері «Вместе и навсегда», «Қазақстаным», атты әнін шырқаса, Рауылбек Даяна және Шерхан Арыстан «Қалқа», «Миллионы нас» әндерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Домбырашылардың» орындауында «Секіртпе», «Түркі әлемі», «Тепең көк», «Салкүрең» күйлері күмбірлеп, «Фортепиано» үйірмесінің шәкірттері «Құстар», «Мимолетная мысль», «Таджикский танец» музыкалық шығармашылықтарымен ерекше әсер қалдырды. Бұған қоса кеште «Цирк өнері» сыныбының кішкентай оқушылары ұстазы Абылай Абдигалиевтің жетекшілігімен түрлі акробатикалық қимылдар жасап, көрермендерді еріксіз таңдай қақтырды.
Жанды дауыста, жоғары деңгейде өткен шарада мектептің жас өнерпаздары өздерінің шеберліктерін барынша көрсете білді.
Шығармашылық кештің шымылдығын Бағлан Шапиева жауып, жас өнерпаздарға және де олардың ата-аналарына, сондай-ақ тамаша шараны ұйымдастыруда атсалысқан Еламан Хумарбек, Сәуле Аимбетова сынды өзге де мектеп ұстаздарына ризашылығын білдірді.
Кеш қонақтары оқушылардың шығармаларын жоғары бағалап, жақсы әсер алып қайтты.
Айта кетейік, Шалқар ауылындағы өнер ордасының орнында бұрын М.Ломоносов атындағы орта мектептің ескі ғимараты болған. Ал 2017 жылы ауылға жаңа орта мектеп салынған соң, ескірген нысан жекеменшікке өткен. Дегенмен жергілікті билік өкілдерінің атқарған жұмысының арқасында 2023 жылы ғимарат мемлекеттің иелегіне қайтарылып, аудандық білім бөлімінің балансына берілді. Тиісті жөндеу жұмыстарынан өткеннен кейін, Алматы облысы әкімінің қаулысымен аталған Өнер мектебі ретінде ел игілігіне берілді. Сөйтіп 350 оқушыға арналған өнер ордасы өзінің жұмысын бастады.
Балалардың шығармашылық қабілетін дамытуды қолға алған орталықта қазіргі уақытта жас өнерпаздар 14 бағытта қабілеттерін шыңдай алады. Атап айтқанда, домбыра, ұлттық би, цирк өнері, вокал, сурет, фортепиано секілді өнердің түр-түрін үйренулеріне мүмкіндіктері бар. Мұнда Шалқар ауылындағы оқушылар ғана емес, сондай-ақ жақын маңда орналасқан басқа елді мекеннің балалары да білім ала алады. Мектеп мемлекеттік мекеме болғандықтан, оны бітіріп шыққан әрбір шәкірт мемлекеттік үлгідегі куәлікке ие болады. Бүгінде мекемеде әр шәкірттің кәсіби білім алу жолында 36 мұғалім аянбай еңбек етуде. Олардың барлығы жоғары білімді.
Өнер ордасының жұмысын бастағанына аз болса да оның талапкерлері көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген. Шәкірттердің көбі халықаралық байқаулар мен фестивальдерде, республикалық конкурстарда жүлделі орындарды еншілеп келеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.