Жақында Қарасай жұрты Ұлы Отан соғысы кезінде елге түскен ауыртпалықтар мен қиындықтарға толы сәттерді еске алуды және де сол кездері Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жауынгерлердің ерлігін ұлықтауды мақсат еткен Ұлы Жеңіс күнін атап өтті. Оның аясында ауданымызда бірқатар шаралар да ұйымдастырылды. Мәселен, осы күні сол сұм соғыстың куәгері, елдің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған жауынгер, қазақтың мықты тұлғаларымен ана тіліміздің дамуына үлкен үлес қосқан қарасайлық Үсенбай Тастанбековке көше атауы беріліп, салтанатты түрде лентасы қиылды.
Өңірдің абыз ақсақалының есімімен көшеге атау беру жұмыстары осыған дейін біраз уақыт жүргізілген. Нәтижесінде бұл игі бастама қолдау тауып, ардагердің есімі аудан орталығы Қаскелең қаласындағы SDU университетінің жанындағы көшеге бірелді.
Салтанатты шараға Үсенбай Тастанбековтың көзін көрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ардагер-ұстаз Баян Мұхамедиярова секілді ауданның зиялы қауымы мен туған туысқандар қатысты.
Құрметті қонақ ретінде алғы сөз Сағат Ұлтарақұлына берілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаскелеңде орналасқан С.Керімбеков мектебіне халық ақынының есімі қалай берілгендегі және оған Үсенбай Тастанбековтың қосқан үлесі жайлы айтып өтті. Оның айтуынша, қазіргі мектептің ғимараты жөндеуден өтіп, білім ордасына айналар кезінде оған орысша атау беру шешілген. Алайда оған Үсенбай Бахтиярұлы араласып, өзінің қыңыр мінезінің арқасында көптеген басшылардың алдынан өтіп жүріп, жаңадан ашылатын мектепке Саяділ Керімбековтің есімін беруге зор үлес қосқан.
– Үсенбай аға ғасырлық ғибратты ғұмырында талай сынақ-сыннан сүрінбей өткен, аштықты да, жалаңаштықты да басынан өткерген, ел басына күн туғанда қолына қару алып, от пен оқтың ортасында жүрген, бейбіт өмірде де берекелі еңбек етіп, халық құрметіне бөленген, қай кезде де адамгершілігінен танбаған жан еді. Қарасай ауданындағы ауылдар, көшелер мен мектептердің аттары қазақшаға аударылғандығы, білім жүйесінің қазақшаланғандығы сол кісінің арқасында десем артық айтпас едім. Ол кісі өмірінің соңына дейін ата-бабымыздан қалған ана тіліміздің нағыз жанашыры болды. Үсенбай ағаның жасаған істері тарих бетіне жазылып, кейінгі ұрпақтың есінде мәңгі қалады. Оған біз барынша атсалысатын боламыз, – деді Сағат Мәсімақынов.
Өз естеліктерімен ардагермен біраз жылдар бірге істескен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы да бөлісті. Шара апай ауданда Үсенбай Тастанбековтың атсалысуымен «Қазақ тілі» қоғамының құрылғандығы және де ол кісінің бастамасымен аудандағы орысша атаулар қазақшаланғандығы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ қазіргі уақытта аудан тарихын білетін «тірі энциклопедия» атанған ардагердің еңбегін ұлағаттау мақсатында аудандық Қазақ тілі қоғамының тарапынан Үсенбай Бахтиярұлының есімін мектепке беру жұмыстары жүргізіліп жатқандығы жайлы да айтып өтті.
Мұнан кейін сөз кезегін Баян Әбдікерімқызына берілді. Ардагер-ұстаз өңірдің абыз ақсақалымен байланысты естеліктерімен бөлісіп, алдағы уақытта да ол кісінің өмір жолын және елі үшін істеген ісін дәріптеуді тоқтатпау керектігі туралы айтты.
Сөз легінің соңын Әсия Үсенбайқызы алып, бұл ізгі шараның болашақ жас ұрпаққа зор үлгі-өнеге екендігін тілге тиек етіп, осы көшенің аты әкесінің, соғыс ардагерінің есімімен аталуына зор үлес қосқан аудан және қала әкімдеріне, аудандық «Қазақ тілі» қоғамына, аудандық мәслихат депутаты Атлана Исаеваға және ауданның зиялы қауымына үлкен алғысын білдірді.
Бұдан соң Сағат Ұлтарақұлы, Шара Қанатқұлқызы, жиендері, жақындары салтанатты түрде көше атауы жазылған тақтайшаны ашып, көшенің лентасын қиды.
Айта кетейік, Үсенбай Тастанбеков Қарасай ауданы аумағындағы Қасқасу (Шамалған) өзенінің батыс жағындағы Алмасай саты жанында 1919 жылы 20 қазанда дүние есігін ашқан.
1939 жылы әскер қатарына алынып, кіші командирлер курсын бітіріп, Ұлы Отан қатысқан батыр партизан, армияның тәжірибелі де білгір, тапқыр командирі болған тұлға. Соғыста екі рет жараланып, екіншісінің ауырлығы асып кеткен соң 1943 жылы ауылға мүгедектікпен оралған. Денсаулығы жақсарғаннан кейін бірден аудандағы тірлік-тіршілікке белсене араласып, бірақ жылдар бойы аудандық хатшы, сонан соң ферма бастығы болып істеген. Кейіннен 1944 жылы журналистік жолға түскен. Жалпы, Үсенбай ата Алматы облысындағы үш ауданда – Қаскелең (қазіргі Қарасай), Жамбыл, Еңбекшіқазақ (екі рет) аудандық газеттердің редакторы болған. Арасында жоғары партия мектебінде оқып, білім алған. Соғыста алған жарақатына байланысты жиырма жыл өмірін арнаған журналистикадан кетуіне тура келген.
1990 жылы елімізде «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда ол үлкен іске бекем бел буып, оның Қаскелең қалалық ұйымының тез құрылып, қадам басуына көп еңбек сіңірген. Оның осындағы белсенді жұмысының арқасында аудандағы орысша атаудағы көшелер мен мектептерге Саяділ Керімбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Құрманғали Ұябаев сияқты ардақтыларымыздың есімдері беріліп, көптеген елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылған. Сондай-ақ сол кездері көптеген орысша оқытатын білім ордаларын қазақшаландыруға көп күш жұмсап, бірталай мектепке осы өңірде туып-өскен ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің атымен аталатындай жасаған. Бұған қоса 15 тарихи-зерттеу, соғыс және бүгінгі өмір тақырыбына арналған көркем туындыларды өмірге әкелген.
Оның шәкірттерінің ішінде тұма жырдың тұнығы, ұлы ақын Тұманбай Молдағалиев, ән өлеңінің классигі Нұрсұлтан Әлімқұлов, жазушылар Мұхаметжан Етекбаев, Заманбек Жәкенов, белгілі журналист Жұмаш Арғынбаев, атақты фототілшілер Сайлау Пернебаев, Нұрманбет Қизатов, көп жыл «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») Шымкент облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған Алтынбек Жолдасбеков болған.
Үсенбай Бахтиярұлы жазушылар, журналистер одақтарының мүшесі, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, 17 жауынгерлік және мерекелік медальдармен, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, марапатталған. Алматы облысының, Қарасай ауданының және Қаскелең қаласының Құрметті азаматы атанған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.