Ауа райы өзгеріп, күн жылығандықтан, сел қаупі бойынша түрлі жағдайлар тіркеліп жататыны жасырын емес. Осыған орай ҚР ТЖМ «Қазселденкорғау» ММ ІААПТБ филиалының Карасай аудандық бөлімі, Қарасай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі мен Қарасай ауданының әкімдігі бірлесіп, селге қауіпті аймақтарға тексеріс жүргізіп тұрады. Осындай жұмыстың бірі осы аптада тағы ұйымдастырылды. Сондай-ақ сел қаупіне байланысты Карасай өндірістік пайдалану бөлімінің басшысы Нұрлан Төребеков пен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің капитаны Нұрсұлтан Сабиров толымды ақпарат беріп, сел қаупін алдын алу жұмыстарын түсіндірді.
Қазіргі таңда аудан аумағында 102 сырғыма және 19 селге қауіпті аймақ тіркелген. Соның ішінде 8-і Қаскелең өзені, 8-і Шамалған өзені және үшеуі Қырғауылды өзенінде бақылауда. Осы бойынша аталған үш мекеменің бірлескен жұмыстары нәтижесінде селге қауіпті аймақта орналасқан демалыс орындарының ұжымына және қонақтарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертпе қағаздары таратылды.
«Бізде 23 мореналық көл бар. Сол тізімнің ішінде 15-ші көлде маусымдық бақылау пункті ашылды. Ол жерде үш бақылаушы, таңғы сағат 7-де, түскі 1-де және кешкі сағат 6-да есеп беріп отырады. Яғни, ауа-райын, судың шығынын және судың тұнықтығын тексеріп, сол бойынша ақпарат беріп отырады», – деп түсіндірді Н.Төребеков.
Айта кетейік, мамыр айынан қыркүйекке дейін жоғарыда аталған 3 бақылаушы сол жерде жұмыстарын үздіксіз атқарады. Ал қазіргі уақытта ол жерде қалың қар басып, күн салқын тартуда.
«Қазселденкорғау» мекеме өкілі Нұрлан мырзаның айтуынша, 1987 жылы құрылған, биікті 22 метрді құрайтын бұл тасбөгет осы уақытқа дейін көптеген селді ұстап қалған. Алдағы уақыттарда осы тасбөгет ауа-райынан келген қауіптен қорғайтыны анық.
Қазіргі сәтте аудан бойынша селге қатысты жағдай бірқалыпты. Бұл жөнінде төтенше жағдайға жауаптылар мәлімдеді.
«Бізде осы маусымдық апат кезеңі басталғалы бері, аталған үш мекеме бірігіп, барлық адамдарға, әсіресе селге қауіпті аймақта орналасқан тұрғындар мен демалыс орындарына және қонақтарына жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертпе қағаздарын Айта кетейік, есепке алынған қауіпті аймақтардың басым бөлігі Қаскелең шатқалында, яғни адамдар көп баратын жазғы демалыс орындарға жақын орналасқан. Қазіргі таңда қауіпті аймақтарда төрт дана ескерту қалқандары қойылған. Одан бөлек орман және дала өрттерінің алдын алу бойынша да жасалынатын жұмыстар жоспарлануда.
Шұғыла ТЫНЫС.