СДУ білімгерлері мүмкіндігі шектеулі оқушылар мен студенттерге арналған жобаларын ұсынып, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «BILIM Hackathon – 2022» IT байқауында ІІІ орынды иеленді.
Сайысқа қатысушыларға түрлі тапсырмалар берілді. Студенттер еркін және берілген тақырып бойынша білім беру саласындағы цифрлық шешімдердің жобасын дайындады. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орын СДУ студенттерінің командасына бұйырды.
Болашақ IT мамандарының ұсынған жобасы мүмкіндігі шектеулі оқушылар мен студенттерге арналғанын айта кету керек. 2 курс студенті Қажымұқан Реймбаевтың сөзіне сүйенсек, олар тың идеяны бар-жоғы 24 сағаттың ішінде ойлап тапқан.
«Жарыста ұсынған жобамыз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Мектеп оқушылары арнайы қолғапты киіп, ым-ишара арқылы ойын жеткізеді. Біз ойлап тапқан құрылғы олардың ойын түсінікті тілге айналдырып береді. Тағы бір идеямыз зағип жандарға арналған. Оқушылар мен студенттер үшін оқулықтағы әріптерді брайль шрифтіне айналдыратын құрылғы мен қосымша ойлап таптық. Бұл жобаларды ойлап табу үшін бізге 24 сағат уақыт берілді. Жарыста 72 команданың ішінде ІІІ орын алып, 500 мың теңге ұтып алдық. Алдағы уақытта бұл жобаларымызды жүзеге асырамыз», – деді «Ақпараттық жүйелер» мамандығының студенті.
2022 жылдың 26-27 наурызында өткен cайыстың жеңімпаздарын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады. Жарысқа қатысуға еліміздің барлық өңірінен 107 команда өтініш берді. 230 студенттен құралған 72 команда финалға жолдама алды. Жүлде қоры 3,5 миллион теңгені құрады. Жеңімпаз студенттер ақшалай сыйлықтармен қоса, Daryn online, BTS Education, EDUS және Mail.kz және басқа да қазақстандық IT-компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.
Байқау білім мен ғылым саласында жаңа IT жобаларды жасауға бастамашылық ету, IT мамандарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Naqty.kz.