Қарасай ауданындағы саяжайлардың біразы елді мекендердің құрамына кіретін болды. Бұл мәселе күні кеше VIII шақырылған мәслихаттың кезекті сессиясында талқыланды.
Мәслихаттың кезекті XV сессиясына аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты. Депутаттардың талқылауына бірнеше мәселе ұсынылды. Атап айтқанда, «Қала және ауылдардың бас жоспарларына сәйкес егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын бекіту туралы» Қарасай аудандық мәслихатының №51-4 шешіміне Қаскелең қаласы мен Алмалыбақ, Елтай, Қошмамбет, Қырғауылды ауылдары бойынша өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.
Айта кету керек, мәслихаттың кезекті сессиясында қаралған негізгі мәселе – елді мекендердің бас жоспарларына жай ғана өзгеріс енгізу емес. Бұл жерде аудан халқының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ экономикалық тұрғыда ауданның дамуы, шаруашылық саласының ілгерілеуі де ескеріледі. Сондай-ақ аталған мәселелер мәслихаттың тұрақты комиссиясы мен аудандық қоғамдық кеңестің бірлескен отырыстарында бірнеше рет жан-жақты қарастырылды. Соның нәтижесінде 68 саяжай бес елді мекеннің құрамына кірді. Оның ішінде ең көбі, яғни 37-сі Алмалыбақтың және 21-і Қырғауылдының аумағына кірді.
Сессия барысында Қаскелең қаласының және Алмалыбақ, Елтай, Қошмамбет, Қырғауылды ауылдарының шекаралық аумағын кеңейтіп, олардың маңында орналасқан саяжайларды аталған елді мекеннің құрамына кіргізуге қатысты бас жоспарлардың жобасы таныстырылды. Оның барысына әр елді мекеннің шекаралық сызбасын дайындаған «Есентай проект», «АТС-ГРАД», «Табрис» сияқты компаниялардың бас сәулетшілері тоқталып, аудан әкімінің және депутаттардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Мәслихат сессиясында саяжайлардың жағдайынан бөлек, Қарасай ауданының дербес құрамын бекіту және Қаскелең қаласы мен ауылдық округтерінің жергілікті қоғамдастық жиналыстарының регламенттерін бекіту туралы мәселелер де қаралды.
Жиын соңында аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы сөз алып, бұл саяжайларды елді мекеннің құрамына кіргізу бүгінгі жұмыстың бастамасы екенін айтты. Алда басқа да округтің аумағындағы осындай мәселелерді шешу жолында жұмыс атқару керектігін жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы осы істің ілгерілеуіне қолдау білдірген аудандық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.