Алматы облысының Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың ең ауыр қайғысы атанған сталиндік кезеңде талай абзал азаматтарымыздың басы оққа байланды. Қуғын-сүргін құрбандарына зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғаларда 4 миллиондай Қазақстан азаматы зардап шегіп, 20 мыңнан астам адам түрмеге қамау, ату сияқты қатал жазаға кесілген болатын. Оның көбісі Алматының абақтысына қамалған. Одан кейін өлім жазасына кесілген бұл азаматтардың Жаңалық ауылы маңында жерленгені кейіннен анықталған. Осыған сәйкес, өңірде жыл басынан аштық пен «қызыл террордан» зардап шеккен ұрпақтың қасіретін бейнелейтін музей ашу жоспарланған.
Осы 4000-нан астам адамның аты-жөндері тасқа қашап жазылған, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің ашылу салтанатына, облыс басшысы Амандық Баталовпен бірге тарихшы ғалымдар, репрессия құрбандарының ұрпақтары қатысты.
– Былтырдан бері бүкіл ел көлемінде жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылып отыр. Мемлекет басшысы өзінің жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да еліміздің тарихи кезеңдеріндегі «Ұлы дала тұлғаларын» зерттеу мен таныту туралы айтқан болатын. Осыған орай, біз тарихи жылдар оқиғасын жазықсыз құрбан болған азаматтардың, Алаш қайраткерлерінің есімін жаңғыртып, ел үшін істеген ерен еңбектерін еске түсіру, болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында музей аштық. Мұндағы жәдігерлер алға жылжыған жылдармен бірге толықтырылады. Алдағы уақытта қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жәдігерлер әкеліп тапсырып жатса, музейді қосымша кеңейту мүмкіндіктері де қарастырылған, – деді өңір басшысы.
Облыс бюджетінен қарастырылған 260,3 млн теңгеге бір жылға жуық уақыт ішінде тұрғызылған музей аумағы – 550 шаршы метр. Музейдегі 3 экспозициялық залда: «Қазақстандағы 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы», «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы) және «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған.1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттары арқылы танысуға болады. Олардың қатарында жерлестеріміз, қазақ зиялылары М.Тынышпаев, І.Жансүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото-құжаттық материалдар бар. Сонымен қатар, осы залда Алматы облыстық полиция департаменті архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың, соның ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталғандар ісінің көшірмелері қойылған.
Мемлекеттік орталық музейдің директоры, ғалым Нұрсан Әлімбайдың айтуынша, бұл музей аза тұту, еске алу орны ғана емес, болашақта ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де халыққа қызмет етуі тиіс. «Сол бір сұрапыл, зұлмат жылдары НКВД-ның қанды қолынан құрбан болған жазықсыз адамдар, Алматы қаласынан 40 шақырым жерге, яғни, осы Жаңалық ауылының іргесіне көмілген екен. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, ауылда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап үлкен ескерткіш орнатылған еді. Енді бүгінде үлкен мұражай ашылып отыр. Бұл тағзым үйі Астанадағы, Қарағандыдағы музейлер сияқты жас ұрпаққа қазақ деп, ұлт деп шырылдаған бабалар тарихын әйгілеп тұратын болады» – деді ол.
Айта кету керек, келер жылы да облыста мұндай тарихи нысандардың бірқатарының құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игілігіне берілетін болады.
Меруерт МАХМҰТЖАН.