Өткен аптаның сейсенбі күні түске дейін «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева қоғамдық қабылдау өткізді. Ол аудан тұрғындарының түйіткілді сұрақтарын тыңдап, нақтылы шешімдерді шығарды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім бөлімдері мен жұмыспен қамту орталығының басшылары және аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасарының қатысуымен өткен бұл жиында бірнеше мәселе талқыланды. Атап айтар болсақ, жазылған азаматтар бос жұмыс орындарын іздеуде кездескен қиындықтарды сөз етіп, атқарушы органдардан көмек сұрады. Мысалы, Қаскелең қаласының тұрғыны Құндыз Молдабекова анасының бүйрек және қан қысымы көтерілуі созылмалы сырқатына байланысты, мүгедектік ала алмай жүргенін айтты. Бұл мәселе бірден аудандық ауруханадан келген өкілге табысталды. Ал, Мөлдір Нұриманова Үшқоңыр ауылынан келген үш балалы ана. Жүктілік демалысы кезінде бұрынғы жұмыс істеген орнынан шығып кетіп, қазіргі таңда жергілікті жері бойынша мұғалім мамандығымен жұмыс таба алмай жүр екен. Аталмыш шешімін таппаған мәселе білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрланұлына тапсырылды. Сондай-ақ, жиын барысында көпбалалы аналар Елбасының жуырда жариялаған жеңілдіктердің кімдерге тиесілі болатыны жайлы сауалдарды қойды. Бұған қатысты аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарла-малар бөлімінің басшысы Әлия Қилыбаева жауап берді. Оның берген мәліметіне сүйенсек, біздің ауданымызға бұл атаулы көмекке қатысты талаптар әлі келіп түспеген. Сондықтан дәл осы жәрдемақының қандай критериялардан тұратынын тек тұспалдап қана білетіндіктерін айтты. Ал, нақты соған қатысты мәлімет түскенде міндетті түрде халық ақпараттандырылатын болады. Мұнан өзге, Көксай ауылының тұрғыны Балқия Ақылбаева балабақшаға орналастырудағы жеңілдіктер жөнінде сұрады. Айтылған ұсыныстар мен сұраныстарды тыңдаған Айжан Нұрділдәқызы барлық білдірілген өтініштердің назардан тыс қалмайтынын, кейбірінің жақын арада шешілетінін жеткізді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты әрдайым жіті бақылауда екенін түсіндіріп, жиналысты қорытындылады.
Осылайша, қабылдауға келген азаматтардың барлығы қойған сұрақтарына қанағаттанарлық жауап және дұрыс бағыт-бағдар алды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.