«Nur Otan» партиясынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауданымызда құрылған қоғамдық сайлауалды штабының жұмысы жалғасуда. Осы ретте аптаның бірінші күні штаб өкілдері ауданымыздағы «АзияАгроФуд» ЖШС-нің ұжымымен кездесті.
Кәсіпорын қызметкерлері қатысқан жиында штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндірді. Жиынды аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық штабтың жетекшісі Ақшолпан Марат ашып, ең алдымен ұжым мүшелерін қасиетті Рамазан айымен құттықтады, одан соң мемлекеттің тұрақтылығын, қоғамдағы келісімді сақтау, елді дамытуға байланысты партия кандидатының тұғырнамасын түсіндіре келе, жиналған қауымды сайлауға бір кісідей түгел қатысуға және Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға шақырды.
– Біздің кандидатымыз Елбасының стратегиялық бағытын бұлжытпай жалғастыруды және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуды өз тұғырнамасына басты негіз етіп алды. Бұл дегеніміз – халықтың мүддесі үшін елді дамыта отырып, әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсарту, жұмыс орындарын сақтау деген сөз. Ал, жұмысың мен табысың болса, қарапайым адамдар үшін бар игіліктің бастауы осы емес пе! Сіздер, алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы әрі дұрыс ұстанымын қолдап, дауыс бересіздер деп сенеміз, – деді ол.
Бұдан кейін сөз алған штаб мүшелері – аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбаева, «Ж Каскелен» ЖШС-нің директоры Жеңіс Бектасов, аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Жарқынай Садуова да бұл жолғы сайлаудың ел ертеңі үшін маңызды екеніне тоқталып, жұртты саяси науқан кезінде белсенді болуға шақырды. Сөз соңында Ж.Садуова Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы жайында кеңінен баяндады. Сондай-ақ, жиында кандидаттың жоспарында қазіргі өнеркәсіп орындарын жаңғырту және де жаңа жұмыс орындарын ашу, кадрларды қайта даярлау және заман талабын ескере отырып, олардың біліктілігін көтеру де бар екені айтылды.
Өз кезегінде ой-пікірлерін білдірген ұжым өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын одан әрі жалғастыруды мақсат тұтқан және Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының кепілі болуға уәде берген «Nur Otan» партиясының кандидатына толық қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.