Мынау жарық дүниеде адамға рухани нұры мен нәрін ғана сыйлайтын өнер әлеміне жетер, тең келер ештеңе жоқ. Өнер өлкесінен жаның жадырайды, көңілің көркейеді. Мөлдірліктен, ізгіліктен, тұп-тұнық сырлы сезімдерден ғана құралатын өнер әлемінен аларың көп.
Жетісудың төрі саналатын таланттардың өлкесі – Кеген ауданында мәнді де мағыналы бар ғұмырын өнерге арнап, елі мен жұртына талай жылдардан әуезді әнін сыйлап келе жатқан жандар аз емес. Соның бірі – желтоқсан айының алғашқы күндерінде өмірге келген қоңыр үнді күміс көмей әнші зейнеткер Сержант Жетпісбай ағамыз. Сержант ағамыз – «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздік қызметкері». Шындығы керек, өңірді ән мен күйге бөлейтін игі шаралардың барлық жүгін көтеретін, бейнетті еңбектері көп жағдайда елене бермейтін мәдениет қызметкерлерінің күндердің күнінде табан ет, маңдай терлерінің өтелгені жақсылық, толағай қуаныш екені белгілі.
Кімдер келіп кімдер кетпеген, небір дүлдүл тұлғалардың аяқтары тиген қастерлі сахнаға ән салып шыға келген бір кезінде дүйім қазағына танымал болған Дәнеш Рақышов, Қайрат Байбосынов секілді қазақтың дәстүрлі ән өнерінің шоқ жұлдыздарын бірге ала шыққандай әсеріне бөлейтін Сержант ағаны аудан тұрғындары жақсы біледі. «Ән салса Сержанттай салсын, ән айтса Сержанттай айтсын» деген әңгіме де тегін емес. Өйкені, Сержанттай әнші ағамыз, тұма бұлақтай өнер иесі қазақтың дәстүрлі әндерін ту ете өсіп, ержетті. Қазағының қастерлі де қасиетті қара домбырасын жанына серік етіп, ұлтының өзегіндей халық әндерін, саф алтындай сарқылмас, көнермес туындыларын жарқырата, мөлдірете ел жүрегіне ұялатып осы күнге жетті. Кемеліне келді. Ойы да, өнері де толысқан деген шағына қадам басты.
Өмір жолын осынау таулы өлкенің бір ғана мәдениет пен өнер саласына арнады деуіміздің жөні бар. Қара домбырасын қолынан, жанынан тастамайтын, отырған жерін әсем әнге бөлеп тастайтын қызыл шырайлы әдемі бозбала алғаш Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесін жан-жүрегі қалаған халық аспаптар бөлімі бойынша бітіріп шықты. Одан кейін Кеген ауданының орталығындағы өнер мектебінде еңбек етті. Көп ұзамай осы өнер мектебінің директоры болды. 17 жыл осы мектепке өмірін,өнерін, еңбегін арнаса, оның денін басшылық жұмысына арнады.Еңбек ете жүріп Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы арнаулы оқу орнына түсіп, халық аспаптар бөлімі бойынша балалар музыка мектебінің оқытушысы, халық музыка аспаптар оркестрінің жетекшісі әрі оркестр артисі мамандықтарын алып шыққан.Кейін еңбектен қол үзбей жүріп Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінде оқып, ұстаздық білімін одан әрі жетілдіре түсті.
Өнер өлкесінің бірегей өз ұлы, саз саласының қыры мен сырына етене жақын перзенті, қазақтың дәстүрлі халықтық ән өнерін ел ішінде насихаттаушы , халық жүрегіне жеткізуші Сержант ағамыз ұзақ жыл аудандағы өнер мектебін басқарса, бірсыпыра жылдар Райымбек аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылық жасады. Ұзақ жылдар мәдениет үйінің директоры болып шығармашылықпен жемісті еңбек етті. Бүгінгі таңда еңбегінің зейнетін көріп,зейнеткерлік демалыста.
Ол табиғат тамашасына, өсімдік әлеміне, ғажайыптар дүниесіне толы таулы өлкенің таза ауасынан, мөп-мөлдір суынан нәр алған, қуат алған майда қоңыр сырлы да сазды үнімен, әуезді, әсем әндерімен көрермен жүрегін баурап келді. Сол үні халықтық әндерімен өнерінің соны қырын, өресінің биіктігін, талантының кемелін жарқырата көрсетті.Өнер жолындағы үздіксіз еңбегі, шығармашылық ізденісімен облыстық, республикалық ән,өнер байқауларында маңдайын жарқыратып, мерейін үстем етіп, биіктерінен көрінді. Оған бір-екі мысал келтірсек, жетіп артылады. Біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз Сержант Жетпісбай 1989 жылы Алматы қаласында өткен республикалық жыршы-термешілердің байқауына қатысып лауреат атанды. Одан кейін ҚР Халық әртісі Дәнеш Рақышовқа арналған «Саясында алманың» атты республикалық әншілер конкурсында жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін лауреат атанды, ІІІ дәрежелі дипломпен марапатталды.
Адамдардың жүрегін әнмен әлдилеп, күміс күймен көмкергенге не жетсін, шіркін ?! Адамдарға рухани азық сыйлағанға не тең келер ?! Ендеше,тамаша әнімен, биік мерейімен алпыс жасына қадам басқан Сержант Тәлімұлы бастаған мәдениет саласы қызметкерлерінің бұл тұрғыдағы тынымсыз еңбектері мақтауға, жазуға, көрсетуге тұрарлық. Мәдениет қызметкерлерінің шығар биіктері, алар алғыстары көп болсын.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.
Суретте: ҚР Мәдениет саласының үздік қызметкері, дәстүрлі әнші Сержант Жетпісбай.