атанған абыройлы Амангелді ағамыз туралы айтсақ…
Мына қызығы көп, бірақ, қиындығы да кездесетін өмірде ақырын жүріп, анық басатын азаматтар да аз емес. Олар қандай жағдайда да өзін бірқалыпты ұстайды – қуанса аспайды да таспайды, ренжісе қара аспанды төндірмейді, бет көріспей кетпейді. Әйтеуір, әрдайым адамдықтың ақ жолымен жүріп, әманда бәріне де оң ниетпен қарайды, жүрегінің кеңдігін, ниетінің түзулігін білдіреді.
Ғұмыр бойы құрылыс саласында еңбек етіп елге танылған Молбаев Амангелді ағамыз жайында осылай деуімізге әбден болады дер едік.
1940 жылы 31 мамырда Талдықорған (қазіргі Ескелді) ауданы, Ленин колхозында туған бала Амангелді мектептен соң Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданы Шамалған ауылындағы Алматы ауылшаруашылығы техникумының (бүгінде Су шаруашылығы колледжі деп аталады) құрылыс бөліміне түскен екен.
Оны бітіргеннен кейін жас маман ретінде Нарынқол ауданындағы Қақпақ ауылына жіберіліпті. Алған біліміне сай кәсібімен тек алға ұмтылуды орнықты ойлаған, бойында күш-жігері мол жас прораб мұнда өзін көрсете білген. Дегенмен, үш жылды артқа тастап, арнайы шақыртумен Қаскелең ауданының «Бірінші май» совхозына келіп орналасады.
Дәл осы шаруашылықтың құрылыс саласында біраз уақыт тер төккен іскер жігітті енді басқа да үлкен жұмыстар күтіп тұр еді. Атап айтқанда, «Алматысельстрой» бірлестігінің №6 тресіне аға прораб болып кіріп, құрылыстың нағыз шыңдалу және тәжірибе жинақтау мектебінен өтеді. Яғни, тура осы жылы-ақ Қарасай ауданындағы қазіргі Еңбекші ауылында үлкен Биокомбинат құрылысының бел ортасында жүрген. Сонымен қатар, көп ұзамай аудандық орталық аурухана бас корпусын салуға белсене қатысқан.
Өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқара білетін, қай жұмыстың да көзін таба алатын құрылыс саласының майталман маманы қай жерге де қажет қой. Сондықтан да Әбекеңнің келесі еңбек жолы №602 ПМК-да (жылжымалы-механикаландырылған колонна) аға прорабтықпен жақсы жалғасады. Сөйтіп, ол басқарған құрылысшылар бел шешпей еңбек етіп, қазіргі Алмалыбақ (КИЗ) ауылында үш қанатты, үш қабатты аурухананың (бүгінде бұл жерге әл-Фараби атындағы дарынды балаларды үш тілде оқытатын арнаулы гимназия орналасқан) ғимаратын, Қазақ өсімдік және егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас корпусын тұрғызыпты.
Сол сияқты осы елді мекенде 45 пәтерлік тұрғын үйді, 140 орындық балбақша және көпшілікке арналған моншаны, екі қазандықты салып, ел игілігіне пайдалануға берген.
– Өз басым құрылысшылықты дүниедегі мәртебелі де өте пайдалы мамандықтың бірі деп есептеймін, – дейді Амангелді аға. – Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін, қайта үнемі кеудемді кере мақтанып жүремін. Жоғарыдағы айтылғандарға Қаскелең қаласындағы «Южный» шағын ауданында салынған 5 коттеджді, 20 екі пәтерлі тұрғын үйді қоса кетейін. Сондай-ақ, кезінде «Жетісу», «Әйтей» және Киров атындағы совхоздарда, «Шамалған» совхозының Үштерек бөлімшесінде, Сауыншы фермасында 2000 басқа арналған сауын сиыр қоралары құрылысын жүргіздім.
Расында да, Амангелді Жебегенұлының аудандағы құрылысқа сіңірген еңбегін кәдімгідей қомақты деуге болады. Яғни, Қарасай жеріндегі көп нысанда оның құрыш қолының ізі бар. Ал, оған қоса жұмысы елді риза етерліктей сапалы, тиянақты болса ше! Мұның да әрдайым адамның көңілін ерекше көтеріп, істеген ісінің рахатына айрықша бөлендіретіні рас қой.
Әбекеңнің еңбекке етене жақындығы, мақсаткерлігі, ізденгіштігі, жауапкершілігі, әрине, кішкене кезінен бастау алады, отбасындағы тәлім-тәрбиеден арна тартады. Әкесі Жебеген соғыстан бұрын мектеп директоры, Талдықорған аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болған көзі ашық, көңілі ояу азамат екен. 1943 жылы майданға аттанып, содан мүлдем хабарсыз кеткен. Ал, анасы Сақан да әртүрлі жұмыстарда істеп абыройлы болған, осыдан 11 жыл бұрын 90 жасында дүние салыпты.
– Мен, әсіресе, туған ағам Байқау Бабаевтың көмегін көп көрдім, – дейді тағы да Амангелді аға. – Ол кісі мені оқытты, үлкен өмірге дайындады, адамдармен сыйласа, түсінсе жұмыс істеуді үйретті, жалпы, бар жақсы атаулыға баулыды. Қазақ мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің түлегі еді, мен білім алған Алматы ауылшаруашылығы техникумының директоры, №6 трест парткомының хатшысы болған. Алматы қаласындағы политехникалық техникумда директор қызметін атқарған. Ағамның жары Шәркүл жеңешеме де ризамын. Өкінішке орай, бауырым 1999 жылы 64 жасында дүниеден өтті. Екінші қолдап, қоштап, қамқорлық жасаған, әрқашан адалдыққа, адамдыққа жалықпай жетелеген туған бөле ағам Әділбеков Нұрмұхамбет Байтұрбайұлы еді. Қаскелең аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде істеген Нұрекең де ел құрметіне бөленген айтулы азамат. Ол кісі де ақыл-кеңесін аямай кемшілігім болса ашық айтып, жетістігім болса балаша қуанып, үнемі күш беретін, жігерлендіріп отыратын.
1995 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан Әбекең, үнемі жұмысбасты болып, ат үстінде жүріп әдеттенгендіктен, үйде қарап отыра алмады. Сөйтіп, қайнаған құрылыстың «қорасына қайта қойып кетті!». Ендігіде ол Алланың жердегі үйі – мешіт салуға ақ ниетімен араласыпты. Мәселен, 1998 жылы Шамалған ауылындағы Елбасының Қарасай батыр мешітін тұрғызуға атсалысқан. Яғни, оның қабырғасын көтеріп, колонналарын құйған. Келесі жылы Бірінші Май ауылында Қарасай ауданынан шыққан тұғыры биік тұлғаның бірі Хамза қажы Екейбаев марқұмның мешітінің құрылысын жүргізіп, оны толық бітіріп берген.
– Бұл мешіт пайдалануға берілгеннен кейін – дейді ағамыз өткен күндерге ой көзімен шолу жасай отырып, – менің жұмысыма қатты риза болған Хамзекең қолыма «Волга» жеңіл автокөлігінің кілтін ұстатты. Тағы бір айтарым, осы заманғы тәуелсіз Қазақ мемлекетінің басында тұрып, оны ұзақ уақыт байыпты басқарған Елбасы Нұрекең, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен қатар әрі бір ауылда тұрғандықтан таныс-біліс болдық, жас кезімізде кинода, би кештерінде кездесіп қалып жүретінбіз.
Айтқандай, Амангелді Жебегенұлының тағы да бір айрықша мақтана айтатын жайы бар. Ол – 2015 жылғы Президент сайлауында Нұрекеңнің сенімді өкілі, 2019 жылғы Президент сайлауында қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді өкілі болғаны. Егемен еліміздің тарихындағы екі бірдей Президентке осылай қызмет көрсету, шынында да, абырой дегеніміз жөн.
Адамның берекесі, ісінің алға басуы, әрине, отбасына, өмірлік серігіне де көп байланысты екені белгілі. Әбекең бұл жөнінен де, яғни, жақсы жар кездестірген, тәрбиелі ұл мен қыз берген Жаратқанға мың да бір шүкіршілік етеді. 1942 жылғы Құдай қосқан қосағы Нұрзия Қарақойшықызы батыстың қызы, ол да Алматы ауылшаруашылығы техникумын бітірген, бухгалтер-жоспарлаушы. Бірқатар шаруашылық, мекемеде есепші болған. Олар осында оқып жүріп үйленіпті, бүгінде бас қосып, шаңырақ көтергендеріне тура 58 жыл екен.
Екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкендері Қайрат көп жыл аудандық сәулет бөлімінде қызмет істеген. Ал, Мұрат аудандағы «Кока-Кола» компаниясында инженер. Қыздары Ардақ Алматы медучилищесін бітіріп, денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Оның үлкен қызы Әсел қазір жолдасымен «Болашақ» бағдарламасы арқылы Америка Құрама Штаттарында оқып жатқан көрінеді. Амангелді ағамыз мен Нұрзия жеңгеміз осы балаларынан өрбіген 9 немере мен 5 шөберенің қызық-қуанышына тоймай ардақты ата, асыл әже атанып отыр.
Бүгінде 80 жастың биігіне үлкен құрмет, айтарлықтай абырой-беделмен көтеріліп отырған Амангелді Жебегенұлы жиырма жылдан аса Шамалған ауылындағы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болған еді. Ал, 2019 жылдың шілде айынан бастап аталған қоғамдық ұйымның төрағасы. Осылайша көп уақыттан бері бұл ерекше елді мекеннің тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді.
* * *
Иә, еңбегімен елге танылған, қашанда жақсы жүріс-тұрысымен, игі істерімен көп құрметіне бөленген, өмірдің небір бел-белесінен белі бүгілмей өткен құрыш қолды құрылысшы ағамыз осындай жан.
Ең бастысы, ол кісінің аудандағы сандаған әлеуметтік-тұрмыстық, басқа да құрылыс нысандарында қолтаңбасы бар.
– Қасиетті Қарасай жерінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқаным жанымды шаттандырады, жүрегімді әрдайым әдемі әсерге бөлейді. Ендігі тілегім – ел аман, жұрт тыныш болып, халқымыз тыныштықта ғұмыр кешсін! – дейді Амангелді аға Жебегенұлы ақ көңілімен ақтарыла сөйлеп.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.