Қазақстаннан коронавирус індеті әлі ауыздақталған жоқ. Сырқат саны соңғы уақытта әр өңірде күрт өсіп, инфекцияның таралуы белең алды. Оның бір салдары – елдегі болған соңғы келеңсіз жайттар. Дәрігерлер осылай деп топшылауда. Өйткені, республиканың бірқатар өңірінде жаппай шеру болып, адамдардың топтасуы жиілеп кетті. Ауру асқынғанмен оған төтеп беретін бірден-бір амал – екпе алу екені анық.
Вакцина алу қарқыны Қарасай ауданында жаман емес. Белгілі болғандай, 12 жастан асқан балалар мен жүкті немесе енді босанған әйелдердің денсаулығы басты назарға алынып, оларға екпе алуға рұқсат етілді. Осы мақсатта елімізге АҚШ-тың өнімі болып табылатын «Комирнати» (Pfizer) екпесінің керекті дозасы жеткізілді. Оның тиісті мөлшері Қазақстанның әр өңірінде бар. Аудандық көпсалалы ауруханасының дерегіне сүйенсек, облыстық дәрілік қоймадан өткен жылдың 19 қарашасынан бүгінгі күнге дейін «Комирнати» (Phizer) екпесінің 17598 дозасы әкелінген. Қазіргі уақытта осы екпе бойынша вакцинациялауға жататын контингенттерге ерікті түрде егу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, ауданымызда қайта екпе алу үрдісі, яғни, ревакцинациялау да қарқынды түрде жүзеге асуда. Жалпы айтқанда, COVID-19 індетін жеңу жолындағы нақты амалдар жүйелі түрде атқарылуда.
Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасының мәліметі бойынша ауданымызда 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап коронавирусқа қарсы екпе егу жұмыстары басталған. Инфекцияға қарсы иммунитет қалыптасуы үшін тұрғындардың вакцина қабылдауы І және ІІ кезеңдерде және ревакцинация ретінде жүзеге асатынын ескерген жөн. Біздің ауданға 2021 жылдың 1 ақпаны мен 2022 жылдың 18 қаңтары аралығында коронавирусқа қарсы жалпы 144 263 дозалы екпе әкелінген. Бірінші кезең бойынша екпе 142 133 (86,2%) адамға егілді. Оның ішінде 3460 – медицина маманы, 5951 – педагог, 585 – мемлекеттік қызметші, 5635 – студент, 464 – полиция басқармасының, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері екпе қабылдады. Сондай-ақ, ауданның басқа тұрғындары арасынан 118 810 адам екпеге сұраныс білдіріп, оны өз еріктерімен салғызған.
Осы аталған түрлі саладағы қызметкерлердің 133 412-іне бүгінгі таңда мерзіміне сәйкес вакцинаның ІІ дозасы егілді. Қалғаны да жоспарлы түрде жүргізілуде. Ал, аудан бойынша бүгінгі күнге дейін 8304 қарасайлық ревакцинациядан өтті. Яғни, олар үшінші рет өз денсаулықтарының қауіпсіздігі үшін тиісті екпе салдыртты. Оның ішінде 1147 – медицина маманы, 344 – педагог, 101 – студент, 1 – созылмалы ауруы бар адам, 22 – мемлекеттік қызметші, 42 – полиция басқармасының өкілі, одан бөлек аудан тұрғындары арасынан 3714 адам ревакцинцияға өтініш білдіріп, екпе қабылдады.
Дәл сол сияқты Қарасай ауданында жүкті және бала емізетін, 12-18 жас аралығындағы балаларға «Комирнати» (Pfizer) вакцинациясы салынуда. Нақты айтқанда, осы санатқа жанатын 12263 адам аталған екпені қабылдады. Оның ішінде: 12-13 жастағы балалар – 3776; 14-15 жастағы балалар – 3804; 16-17 жастағы балалар – 3230; лактация кезеңіндегі әйелдер саны (бала туған сәттен бастап 42 күннен кейінгілер) – 964; жүкті әйелдер – 489. Сонымен қатар, медицина мамандарының балаларына да «Комирнати» (Pfizer) екпесі егілді. Олардың жалпы саны 430 болса, соның 422-і (98,1%) осы вакцинаны алған. Тағы бір айта кетерлігі, ауданымыз бойынша осы вакцинадан бас тартқан жүкті әйелдер бар. Оларға қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Вакцинациялау науқаны басталғалы ауданымызда 14 медициналық мекеме, 9 жылжымалы егу пункті және төрт жеке медицина орталығы екпе егу мақсатында қызмет көрсетуде. Бұл міндетті орындауға көптеген медицина қызметкері арнайы жұмылдырылған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.