Жалпы қазақ халқы жаратылысынан өнерге өте жақын халық екені мәлім. Өз заманында талай сал-сері, күміс көмей әнші, жыр жампозы – жыршыларды туғызған халықтың бүгінгі ұрпағы да бұл салаға келгенде қара жаяу емес. Қазірдің өзінде елдің атын шығарып, өзгелерді өнерімен тәнті етіп жүрген небір талантты, дарынды жастарымыз көп-ақ.
Жыл сайын елімізде өнерге жақын таланттарды анықтау мақсатында әртүрлі шаралар мен конкурстар ұйымдастырылып отырады. Таяуда Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылындағы Өнер мектебінде Оқу ағарту министрлігінің тапсырмасы бойынша «Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының» ұйымдастыруымен болған «Жас музыкант» облыстық фестиваль-байқауы да – сондай шараның бірі. Алматы облысының жас өнерпаздарының басын қосқан конкурс жыл сайын дәстүрлі түрде дарынды балалар ұжымдарын дамыту және қолдау, олардың шығармашылық белсенділігін, кәсіби бағдарлануын ынталандыру, бойларына өнерге деген сүйіспеншілікті дарыту мақсатында өткізіліп отырады.
Биыл да оған облысымыздың түкпір-түкпірінен келген балаларға арналған музыка және өнер мектептерінің, Оқушылар сарайы жанындағы балалар музыка мектептерінің қазақ және орыс халық аспаптары (домбыра тенор, үш ішекті домбыра, қобыз прима, қыл қобыз, жетіген, шертер, баян, аккордеон, гитара) бөлімдерінің білім алушылары қатысты. Әр номинация бойынша қатысушылар жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінген. Кіші топ қатысушылары 7 және 10 жас аралығын қамтыса, орта топ қатарында 11 және 13 жас аралығындағы оқушылар өнер көрсетті. Ал жоғары топта 14 және17 жас аралығындағы музыканттар бақ сынасты.
Өнерлі жастарға төрелігін танытып, қазылық жасаған әділқазылар алқасы танымал мамандар мен өнер қайраткерлерінен құралды. ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, академик Төлепберген Тоқжанов бастаған комиссия мүшелері құрамында Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жақсылық Ажмуханов, ҚР Мәдеииет саласының үздігі, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-ның «Халық аспаптар» бөлімінің меңгерушісі Айгүл Сабденалиева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, Президент стипендиясының иегері, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Саят Ақбасов, Жамбыл атындағы филармония құрамының бас мүшесі, «Ромбо KZ» мемлекеттік гитаристер квинтеті құрамының мүшесі Акбар Қиарыстан, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры Қайырғазы Төлен, Қаскелең мәдениет колледжіндегі бөлім жетекшілері Ержігіт Әділбек пен Талғат Рахимбаев болды. Олар әр үміткердің өнерін сарапқа салып, жүзден жүйріктерді анықтады.
Бұл жылы да байқау жоғары деңгейде өткізілді. «Шалқар» домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Ер тұран» күйімен басталған шараның шымылдығын салтанатты түрде Алматы облысы білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы көркем-эстетикалық шығармашылықты дамыту бөлімінің жетекшісі Кульзина Усенова ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, елімізде жас өнерпаздарға арналған шаралардың ауқымы кеңейіп келе жатқандығын тілге тиек етті.
Мұнан кейін өнердің әр бағытын жетілдіріп жүрген болашақ сахна саңлақтары өзара сынға түсті. Шығармашылық қабілеттерін паш етіп, әртүрлі музыкалық аспапта өнер көрсетіп, қазақ музыкасының жауһарларын орындады. Байқау барысында оқушылардың шығармашылық шеберлігі мен өнерге деген талпыныстары айқын көрінді.
Қазылар алқасына төл өнерді төрге оздырған қатысушылардың орындаушылық шеберліктерін бағалап, шын үздіктерді іріктеп алу оңайға соқпады. Таңертең басталып, кешке дейін жалғасқан айтулы додада қазылар шешімімен кіші топ бойынша І орынға Талғар ауданының таланты Сырғалым Бауыржанқызы ие болды. Ал орта топта ұзынағаштық Ерасыл Шоқан, үлкен топ бойынша Қонаев қаласынан келген Нұрали Сапин лайық деп танылды.
Аталған байқауда өнерлі жас өрендер музыкалық аспаптар бойынша жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Нақты айтқанда, қыл қобыздан кіші топ арасынан Аяулым Алимхан үздік атанды. Прима қобыз бойынша ересектер арасында Рузия Аллаберген қызы жеңімпаз болды.
Гитарада ойнаудан жүлделі І орынды 7-10 жастағылар арасынан Есенгали Мусабеков, 14-17 жас ерекшелігінде Али Танашев иеленді. Баян аспабында ойнау бойынша кіші топтан Руслан Ступин, орта топтан Сүлейман Қансейіт жеңіске жетті.
Қазақ халқының көп ішекті шертпелі Жетіген аспабы бойынша кіші топта Мелек Серік, орта топта Мөлдір Жүсіпназар және үлкен топта Кәусәр Бадам жеңімпаздар атанды.
Байқау жүлдегерлеріне ұйымдас-тырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен мадақтама қағаздары табысталды. Ал оза шапқан жеңімпаз жастар жолдамаға ие болып, алдағы уақытта республикалық байқауда өнер көрсететін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.