Жұртшылықты Қаратал өзенінің жағалауында жинаған «JETISÝ ETNO STYLE» жастар фестивалі салт-дәстүр сабақтастығының ең жарқын көрінісін паш етті. Облысымыздағы ең үздік қолөнер шеберлерінің жұмыстары көрме барысында жұртшылыққа ұсынылып, көптің көңілін аудартты. Өз кезегінде әжелер қыздар қауымына тұрмыс-салт өнерлерін үйретсе, ал ұсталар ер-азаматтарға темір бұйымдарын жасау сәттерін көрсетті. 30-дан астам алаңда келушілерге этно-стильдегі мәдениет пен өркениеттің озық үлгісі ұсынылды.
Ауқымды кештің сәтті өтуіне қолдаушылар және әр алаңда ұйымдастырылған шараларға ауданымыздың атынан түрлі салада белсенді болып жүретін жастар қатысты. Сондай-ақ, спортқа ерекше қабілеті бар, «Жігітке жеті өнер де аз» деген мақалға нағыз сай адам – Жамали Диханұлы да өнер көрсетіп, жетісулықтарды тәнті етті. Ерекше өнер иесі шығыс жекпе-жектерінің бірнеше түрін бірдей меңгерген. Оған қоса, қара жорға биінің де таптырмас шебері. Жамали ағамыздың кеш барысында көрсеткен өнеріне қысқаша тоқтала кетсек, ол металл конструкциядан жасалған өткір балтаның жүзіндей баспалдақпен жалаң аяқ жүріп өтті. Сол сияқты пышақтың өткір жүзімен жүріп қана қоймай, оның үстінде тік тұрып, тісімен 30 келі тартатын баланы және әр қолына 16 келілік кірді алып көтергені ғажап-ақ! Жамали ағаның бұл өнерін рекордтар кітабына лайық емес деп кім айтады! Тағы бір кереметтілігі, ағамыз найза іспеттес темірдің бір ұшын өңешіне тіреп, жеңіл көлікті жылжытқанына қайран қалдық. Жамали Диханұлының терісіне өткір пышақтың жүзі де, найзаның ұшы да батпайды. Ол бала кезінен өзін осы бір ерекше өнерге баулыған. Ағамыздың осыған дейін алақанынан ұшырған төл шәкірттері де бар екен. Жалпы, жастар фестиваліне ауданымыздың атынан Жамали ағамыздан бөлек, «Мен қазақпын» мега жобасының І орын иегері, «Арнау» тобының мүшесі Баймұхамед Мұқатай, қолөнерші қызымыз Назерке Торпақова мен ауыр атлетиканы жетік меңгерген 10 сынып оқушысы Дина Амантаева сынды өнерлі жандар белсене атсалысып қатысты.
Жарқынай САДУОВА,
аудандық Жастар ресурстық
орталығының маманы.