Кейде қолда барды қанағат тұтпай, өмірінің қай сәтсіздіктері болсын тағдырына налып, өткеніне шүкіршілік етпей отыратын жандарды кездестіреміз. Олармен аз ғана әңгімелессең, өзіңнің бойыңдағы барлық жігерің мен санаңдағы болашаққа деген сеніміңді жоғалтып алғандай күй кешесің. Сонымен қатар, арамызда кеудесіндегі күш-қуаты сарқылмайтын, асыл мұраттарға деген талпыныстан танбайтын да адамдар бар. Ал, олардың жағымды энергиясы сені жақсы бастамаларға жетелеп, ойыңа оңды өзгеріс әкелгендей әсер береді. Күні кеше ғана байрақты бәсекелерде, нақтырақ айтқанда, паралимпиадаларда топ жарып, нысананы көздеп атудан «Алматы облысының күміс қызы» атанып жүрген спорт шебері Сайтова Дилярахан Тұрсынбайқызымен болған жылы жүзді сұхбат бұған тағы бір мәрте көз жеткізді.
Бірнеше жылдан бері ауданымызда ғана емес, жалпы өңір, ел көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан оқ бойы озық шыққан спортшы қыз ретінде танылып жүрген кейіпкеріміз былтырдан бастап өзін жаңа қырынан да байқатты. Орта мектепті бітірген соң колледжде меңгеріп алған тігіншілігін кәдеге жаратып, киім тігетін ателье ашты. Қолы қалт еткенде қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмайтын бұл нәзік жан отбасында аяулы жар, егіз ұлдың ардақты анасы.
Дилярахан туа сала І топтағы мүгедек атанбаған. Нағашы әжесі Қамқаның қарауында бес жасқа дейін құлдыраңдап өскен қаршадай қыз енді ғана мектеп табалдырығын қатарластарымен қол ұстаса аттап, әріп тануды армандап жүргенде суық тиіп ауырып қалады. Дене қызуы қатты көтерілуінің әсерінен екі аяғы мен сол қолы сал болып, қимылға келмеген. Дәрігерлер оның себебін баланың полиомелитке қарсы иммундаудан уақытында өтпегендігімен байланыстырған. Осылайша, көптен күткен тұңғыштарының дертіне өздерін кінәлаған ата-анасы Тұрсынбай мен Қалияш ауыртпашылыққа толы кезеңдерді бастарынан өткеріп, қыздарын арқалап жүріп ауруханадан-ауруханаға қаратады. Соның арқасында жатып қалған Диляраханның қолы қалпына келіп, аяғына жан кіреді. Солай еркін қозғала алмай, балдаққа тәуелді болғанымен ол құрдастарынан қалмай мектепті өзі барып жүріп оқып, кейіннен колледжде де білімін жетілдіріп, тігіншілікке машықтанған. Бұл таңдаудың түпкі тамырында қыздарының көп қимылдап, қиналып қалмасы үшін, отырып жасаған іс ыңғайлы деген ата-анасының қамқорлығы жатқан еді.
2002 жылы Қаскелең қаласына Қарақалпақстаннан қоныс аударып келгенде де өздеріне емес, қыздарының алдағы тағдырына көбірек алаңдаған еді әке-шешесі. Алайда, жүзі жылы, жақсы адамдардың қасынан қашанда жүз кісілік орын табылмай ма? «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» дегендей, қазіргі аудандық «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының президенті Тәжіғали Ходжамуратовпен қоныстас болу кейіпкеріміздің өміріне көп өзгеріс енгізді. Ол кезде мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамына жетекшілік еткен қамқор ағаның ақылымен Дилярахан компьютерлік, есепшілік курстарынан өтіп, жұмысқа тұрады.
Ең бастысы, ол бұл ортада түрлі-түрлі тағдыр иелерін көрді. Өзінің біреулерге қол ұшын бере алатынын, бойындағы мінді сылтауратпастан талай жетістікке жетуге болатынын жақсы түсінді. Тіпті, дәрігерлер оған отбасын құрып, табиғи жолмен босанса, дертінен жазылуы мүмкіндігін айтып үміттендіргенде қорқақтаған кезі де болған. Сонда осы Тәжіғали аға жақсы сөзімен қолдау білдіріп, арбаға таңылса да перзент сүйіп отырған жандарды көрсетіп, жігерін жанығанын әлі естен шығарған емес. Осылайша, тілеулес, ниеттес жақсылардың септігімен Дилярахан Арыстан есімді азаматпен бас қосып, нағы әйел бақытын сезінді. Осындайда Алла тағаланың құдіретіне қалай сенбессіз, ол бір емес, егіз ұлды өмірге әкелді. Тіл – көзіміз тасқа! Бой жеткелі бұл бақыттың бұйырар-бұйырмасы екіұшты болып көрініп жүргенде іңгәлаған сәбиін бауырына басқан келіншек қос перзенті арқылы бір кем дүниесін ұмытты. «Екі ұлым – менің екі аяғым. Қолқанаттарым. Енді осылар үшін ғана өмір сүремін!» – деп шүкіршілік етті.
Сылдыраған судай сырғыған уақыт кімге жеткізсін? Жанашыр туған-туыстың жәрдемімен, ақ тілегімен балалар өсіп келеді. Қазір Алмалыбақтағы әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияда алтыншы сынып оқып жүрген жайы бар.
Кейіпкеріміздің спортқа ықыласы қалай ауды? 2011 жылы облыстық мүмкіндігі шектеулі жандардан құрылған командаға іріктеу жүрген. Қолға алған істі соңына дейін тындырмай жаны жай таппайтын алғыр келіншек осы сында да бақ сынап көрмек болып, нысананы дәлдеп атуда көзге түседі. Сол жылы-ақ, Шымкентте өткен паралимпиадалық ойындарда жүлделі екінші орынды жеңіп алып артылған сенімді ақтай білген. Үнемі осындай сайыстарда екінші орыннан табыла берген соң өзіне «Алматы облысының күміс қызы» деген жанама аттың да қойылып үлгергенін мақтан етеді спортшы.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі үнемі өздеріне не басқаға, қоршаған ортасына қолдарынан бір нәрсе келетінін дәлелдеумен, өзіне сын көзбен қараумен өтеді, – дейді Дилярахан Тұрсынбайқызы әңгіме барысында. – Кейде курстарға барып сабақ беремін. Сол кезде тағдырластарыма үнемі алдымызда бұдан биік асулар бар екенін айтып, солардан сүрінбей өтуге талпынуға шақырамын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілі онсыз да жаралы. Сондықтан, оларға аяушылық танытып, дәрменсіздігін байқатқанша, керісінше, демеп, қолдап, алға жетелей түкен орынды деген ойдамын. Жыл басында осы жұмыс орнымда абайсызда құлап, аяғымды сындырып алдым. Бірнеше ай төсек тартып, қозғалмай жатуға тура келді. Сонда мен өздігіңнен, тіпті, табиғи қажеттілігіңді өтей алмаудың қандай азап екенін басымнан өткердім. Мейлі, мен балдаққа сүйеніп жүрейін, өзгелердей желмен жарысып жүгіре алмайын, бірақ мен бақытты екенмін! Бәлкім, бұл жағымсыз жағдай менің осы бақытыма өзім тағы бір мәрте көз жеткізуім үшін орын алған болар…
Дилярахан 2015 жылы баспаналы болып, отбасымен жаңа салынған ықшам аудан «Асыл Арманға» қоныстанды. Бүгінде сол кезекке тұрып алған бір бөлменің іші қос перзенттің шаттыққа толы шуылына тұнған.
Кезінде «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып, оқыған курстарының арқасында кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныққан кейіпкеріміз қолынан келетін тігіншіліктен бастап, өзі тұратын кешеннен шағын шеберхана ашып қойды. Нарық заманындағы сұраныс пен бәсекелестіктің қатал талабынан қиналып, ательесін ашатын орын іздегенде қолдап, осы мәселені шешуге атсалысқан аудан әкімі Махаббат Бигелиев пен Іргелі ауылдық округінің әкімі Қадырбек Атшабаровқа деген ыстық ықыласы да ерекше.
– Қазір менің көкейімдегі үлкен арман халықаралық дәрежедегі спорт шебері атану, – дейді кейіпкеріміз сұхбат соңында. – Былтырғы Риодағы жазғы олимпиадаға қатты қатысқым келді. Сонда да осы Қарасай ауданының әкімі Махаббат аға үлкен қолдау көрсетті. Өкінішке орай, Румыниядағы іріктеу кезеңінде төртінші орынға табан тіреп, өте алмадым. Бұған ең алдымен жүйелі жаттығудың болмауы және талапқа сай мылтығымның жоқтығы әсер еткені анық. Облыстағы жаттықтырушым Алихан Берсенов бұл тұрғыда үлкен жәрдем беріп, менің бұдан да биік жеңістерге мүмкіншілігім барын айтып отырады. Сондықтан, ерсі көрінсе де, кәсіби мылтық алуды армандап жүрмін. Бірақ, ол өте қымбат тұрады… – деген Дилярахан айналып келгенде, тағдырға сілтегенімізбен, әр адам өз тіршілігінің иесі екенін, сондықтан, ізденіс пен талпыныс биік мұраттарға апаратынын алға тартты. Онысы өте дұрыс та!
Клара КӨПБАЕВА.