Жаздың аптабында шөл басу үшін міндетті түрде су немесе сусын ішеміз. Ал, оның бөтелкесін қайда лақтырамыз? Әрине, қоқыс жәшігіне! Ал, бір реттік пайдаланатын пластик ыдыстарды арнайы контейнерлерге тастау керек. Мұндай тың бастамаға дағдыланып, қалыпты жағдайға айналдыруымыз қажет-ақ. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау жайы бұған дейін де бірнеше мәрте қозғалып келеді. Аймақты дер кезінде тұрмыстық қалдықтардан тазарту, көгалдандыру, қоқыс полигоны проблемасы еш уақытта күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, тау болып үйіліп, өртелген қоқыстың денсаулыққа зияны ұшан-теңіз.
Бұл мәселе Қаскелең қаласы әкімдігінің назарынан тыс қалмайды.Осыдан бір ай бұрын қала әкімі Асқар Мұқашевтің қолдауымен «TAZAQALA BETAPLAST» ЖШС күшімен орталық көшелер бойына алты пластиктен жасалған заттарды тастауға арналған бокстар орналыстырылған болатын. Бұл жәшіктер тасталынған пластиктерден жаңа өнім шығару жұмысын оңтайландыру үшін қойылған. Дегенмен, бұл жәшіктердің қала тұрғындары мен қонақтары не үшін қойылғанын әлі түсінбей жатқан секілді. Себебі, жәшіктің ішінде үңілгенде онда әйнек, қағаз, темір және осы сынды басқа да қоқыс қалдықтарының жатқанын байқауға болады. Бұл, әрине, көңілді қынжылтады. Жергілікті әкімдіктің тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндікті дұрыс жағынан қолданса екен дейміз.
Сөз соңында табиғатты аялау өзге үшін емес, алдымен өзіміздің таза ауамен тыныстауымыздың кепілі екенін ұғынған дұрыс. Қоршаған ортаны таза ұстауға бірлесіп ат салысайық!
Бұрым ОРЫНБАСАР.