Жуырда ауданымызға «Қазақстан халық коммунистері» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова келіп, бірқатар мекемелердің жай-күйімен танысты. Халық қалаулысы ең алдымен орталық ауруханаға келіп, ол жердегі дәрігерлермен әңгімелесті.
Басқосуда ақ халаттыларға Ирина Владимировна өзінің келудегі мақсаты осындағы азаматтардың қызметі жайлы және туындап жатқан әртүрлі мәселелерін біліп, оны ретке келтіруге барынша ықпал жасау екенін түсіндірді. Осы орайда, аурухана бас дәрігерінің орынбасары Зарыққан Сатыбалдинова халық қалаулысына алда ауруханаға қажетті қосымша емхана салынса, деген ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, ауданымыздың халқы күн санап көбеюіне орай, емханаға келушілердің де саны көп өсуде екен. Сондықтан Зарыққан Болатқызы Қаскелең қаласының кіреберісінде белгіленген жерге Үкімет тарапынан қажетті қаражат бөлінсе, деді. Және де бұл мәселенің жергілікті тұрғындарға өте қажетті екенін жеткізді. Ал, мұның барлығына жіті құлақ салған Ирина Смирнова, барлық жағдайды ескеріп, Президент әкімшілігіне хат жазып, алдағы уақытта осы мәселенің шешілуіне ықпал ететінін айтты. Мұнан кейін Мәжіліс депутаты перзентхананың жай-күйімен танысып, медицина қызметкерлерінің жұмысына жақсы баға берді.
Келесі кезекте халық қалаулысы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке бет бұрып, мұғалімдермен жүздесті. Онда ол ұстаздардың да бірқатар мәселелерін тыңдап, Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіне орай жасалып жатқан үлкен жұмыстарды айқындап, түсіндірді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.