Жалпы мемлекет бір орында тұрып қалмай, заман ағымымен дамуы үшін ондағы қоғам мықты болуы керек. Ал кез келген дамыған қоғамның іргетасы отбасыдан басталады. Сондықтан болар халық арасында «Отан отбасыдан басталады» деген қағида жиі айтылып жатады. Алайда уақыт өткен сайын ескі ұғым, таным-түсінік өзгеріс алып, жаңа дәуірдегі жат дүниелер бойға сіңіп келеді.
Қазіргі таңда қазақ отбасындағы құндылықтың құлдырап бара жатқандығын жасыра алмаймыз. Әкенің беделі, ананың қадірі кетіп, оның орнына ажырасу, жалғызбасты ананың, жетімнің саны артып келеді. Ал ең жаманы – бүгінде адамның қорғаны саналатын отбасының ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының көп болуы.
Шыны керек, бұл кеселмен біз қазір ғана бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Отбасындағы зорлық-зомбылық бұрын да болған. Ал дер кезінде емделмеген дерт әбден асқынып, тамырын тереңге жаяды. Барлық өкілетті органдар тарапынан атқарылып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, індеттің белең алғаны соншалықты еліміздегі заңдарға өзгерістер енгізу қажеттілігі де туындады. Осы ретте таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Осы заңдарға сәйкес алдағы уақытта қандай өзгерістер болады? Заңнамадағы соңғы өзгерістер бұл бағыттағы қылмыстардың алдын алуға қаншалықты ықпал етті? Мұндағы балалар құқығы қандай? Отбасылық ұрыс-керістің кесірінен, үйдегі тәрбиенің осалдығынан жеткіншектер арасындағы көбейген құқықбұзушылықтарды қалай тоқтатса болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Алматы облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанар Беимбетовамен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Жанар Адайбекқызы, соңғы жылдары елімізде көбейіп жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қазір Алматы облысындағы ахуал қандай?
– Өздеріңіз білетіндей отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі соңғы жылдары еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Жылдан-жылға статистикадағы көрсеткіштер өсіп келеді. Бұл біздің облысымызға да байланысты.
Өзімнің жеке тәжірибемнен байқағаным зорлық-зомбылық жағдайларының көбеюі қоғамда адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасқа дұрыс түсе алмауынан, дұрыс мәдениеттің жоқтағынан деп айта аламын. Бүгінде елімізде отбасылық құндылықтар төмендеп, әкенің беделі, анаға деген құрмет, ер адамның әйеліне деген сыйластық қарым-қатынасы нашарлап барады. Әсіресе бұл жас отбасыларда байқалады. Көп жағдайда екі жас кез келген мәселеде менікі дұрыс деп, бір-біріне жеңістік бермейді. Кейін жай сөзден басталған айтыс-тартыс қол көтеруге апарады. Бірден-бір себеп – осы.
Екіншіден, бізде жасалатын құқықбұзушылықтардың басым көпшілігі ішімдіктің кесірінен орын алады. Екі тарап бірігіп ішеді. Немесе бір тараптың мас күйінде жасалады. Басы ұрыс-керіспен басталса, аяғы қылмысқа немесе құқықбұзушылыққа апарады. Ал осындай жағдайлардың тыйылмауы көбінде әйелдердің заңды толыққанды дүрыс білмеуінен. Күйеуі бірнеше рет қол көтерсе де «елден-жұрттан ұят болады, балаларым әкесіз қалады» деп шыдап жүре береді. Бізде аптасына осындай жағдайға байланысты бірнеше іс қаралады. Алайда көп жағдайда әйелдер уақыт өте келе «мені оны кешірдім» деп арыздарын қайтарып алып, күйеуімен қайтадан қосылып жатады. Үнемі жұдырық жұмсайтын жарына аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер ең бірінші кезекте тек өзінің ғана емес, сондай-ақ балаларының да өмірін, денсаулығын қауіпке тігетінін түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Мәселен, 2023 жылы, біз Кылмыстық кодекстің 120, 122, 124 секілді баптары бойынша кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған 15 іске үкім шығардық. Тағы 17 істің қаралуы тоқтатылған.
Ең өкініштісі, кейінгі жылдары жасөспірімдер арасында жасалатын құқықбұзушылық қылмыстар саны көбеюде. Олардың көбі – осындай отбасында зорлық-зомбылық көргендер, әке-шешесі көңіл бөлмейтін, олардың махабатта зәру балалар.
– Осыдан бірнеше күн бұрын өзіңіз білетіндей Президентіміз зорлық-зомбылыққа байланысты жазаны қатаңдататын екі заңға қол қойған еді. Жаңадан қабылданған заңдар жайлы не ойлайсыз? Бұл заңдардың басқа заңдардан қандай айырмашылығы бар?
– Мемлекет басшысының бұл қадамын мен 100% қолдаймын. Себебі өзім айтып өткендей, қазіргі бар заңға сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істі қарау барысында әйел арызын қайтарып алса, біз істі тоқтатуға мәжбүр болатынбыз. Ал енгізілген жаңа өзгерістерге бойынша арыз қайтып алынса да айыпталушы бәрібір жазаланатын болады.
Мәселен, 2017 жылы «Ұрып-соғу» бабы Қылмыстық кодекстен алынып тасталды. Енді ол қайта қайтарылып, ұрып-соққан үшін қылмыстық жауапкершілік тағайындалады. Заңға сәйкес, тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін айыпталушыға 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған. Ауырлататын мән-жайларда ұрып-соғу 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не түзеу жұмыстарына, не 100-ден 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға, не 30-дан 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал жәбірленушіні азаптау мақсатында жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшыратып, бұл іс-әрекет денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге алып келмесе, айыпталушы 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатын болады.
БҰҰ мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Бірі күйеунің қолынан қаза тапса, енді бірі мұндай қиындыққа шыдамай, өз-өзіне қол жұмсап жатады. Ал зардап шеккен балалардың саны одан да көп. Себебі отбасындағы кез келген жанжал балалардың психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ақ пен қараны айырып, жақсы мен жаманды түсініп үлгермеген бала кейін өз өмірінде де мұндай жағдайға жол беруі мүмкін. Анығырақ айтқанда, әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Ал «баламды әкесіз етпеймін» деп төмпешке көнген ананы көрген қыз да тұрмыстағы мұндай олқылықты қалыпты жағдай деп санайды. Дегенмен оның салдары қорқынышты жағдайларға душар етіп жататыны өкінішті.
Мәселен жуырда Алматы қаласындағы бала-бақшалардың бірінде бүлдіршіндер өз тобындағы бір баланы соққыға жығып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде тараған еді. Нәтижесінде замандастарынан зәбір көрген бүлдіршіннің миы шайқалған. Осындай жағдайлардың туындауы көбіне баланың агресивті ортада өсуіне байланысты.
Балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылыққа келсек, жаңа өзгерістерге сәйкес, кәмелетке толмағандарды өлтіру, олардың денсаулығына әртүрлі дәрежеде зиян келтіру, кәмелетке толмағанды ұрлау және басқа да қауіпті әрекеттер жасалған жағдайда заңмен осы құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан неғұрлым жеңіл жаза тағайындау мүмкіндігі қарастырылған қылмыстық заңның жекелеген ережелерін қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ, айыпталушы жәбірленуші жақпен татуласқан жағдайда да ол қылмыстық жауапкершіліктен босай алмайды.
Алғаш рет кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Сондай-ақ білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді.
Бұл енгізілген өзгерістердің аз бөлігі ғана, жалпы жаңа заңда әйел адамның әсіресе баланың құқығына, қауіпсіздіктеріне өте үлкен мән берілген. Бұл бастама көбейіп бара жатқан отбасылық зорлық-зомбылықтың азаюына көп септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Өз сөзіңізде жаңа жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар артқан дедіңіз. Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, бүгінде кәмелет жасқа толмағандар арасында құқықбұзушылықтар өте көп. Ең қорқыныштысы жасөспірімдердің қылмыстары арасында қатыгездік пен зорлық-зомбылық әдетті іске айналып бара жатыр. Соңғы кездері, әсіресе қыз балалардың қылмыс жасауы жиі кездесуде. Мәселен, таяуда бір-біріне ұқсас екі істі қарадық. Онда жастары 14-16 жетпеген қыздар таксиге отырып, жол ақысының орнына жүргізушілерге интимдік ұсыныстар жасаған. Кейіннен біреуі тіпті жүргізушінің үстінен мені зорлады деп арыз жазып жіберген. Ал заң бойынша келіссіммен болсын кәмелет жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу қылмыс болып саналады және соған сәйкес қылмыстық жаза тағайындалады.
Тәжірибемдегі тағы бір жағдайға тоқталсам, бір жеткіншек қыз өзінің отбасындағыларға ашуланғандықтан, шәугімнің ішіне сірке суын (уксус) құйып жіберген. Қуанышқа орай анасы дер кезінде иісін сезген. Ол қыздың артында бірнеше кішкентай бауырлары бар. Психикасы жағынан бәрі дұрыс. Нәтижесінде түзету мектебіне жіберуге мәжбүр болдық. Бұдан басқа да өз көзіңмен көрмесең сенбейтін істер жетерлік. Десе де қазіргі жағдай осындай.
– Кәмелет жасқа толмағандар қылмыс жасаған жағдайда қандай жаза қолданылады?
– Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, құқықбұзушылық жасалған жағдайда 14 жасқа толмаған жеткіншектерге ешқандай жаза қолданылмайды. Мұнда барлық жауаптылық әке-шешесінің мойына ілінеді. Қылмыстық жауапкершілікке қылмысты жасау кезінде жасы 16-ға толған азаматтар тартылады.
Алайда адам өлтіргені, қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттері, адамды ұрлау, ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, ауырлататын мән-жайларда көлікті айдап кету, терроризм, адамды кепілге алу, қаруды ұрлау немесе қорқытып алу, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен басқа да құрылғылар, ауырлатылған мән-жайларда бұзақылық, тағылық, есірткі заттары мен психотроптық заттарды ұрлау немесе қорқытып алу, ауырлатылған мән-жайларда мәйітті немесе олардың көмілген жерлерін қорлау, көлік құралын немесе теміржолдарын қасақана жарамсыздық жағдайға келтіргені үшін тұлғалар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Тәжірибем көрсеткендей, кәмелетке толмағандар көбінесе ұрлық, тонау секілді қылмыстар жасайды.
– Халқымызда жиі айтылатын «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Өзіңіз айтқандай, зорлық көрген бала өскеннен кейін өз баласын ұрып-соғатын болады. Зорлық көрсетудің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қалай тоқтатсақ болады?
– Ең бірінші кезекте ата-анаға байланысты. Басты тәрбие отбасында берiлетiнiн ескерсек, көп жағдайда ата-аналардың баланың оғаш әрекетке баруына себепшi болатынын байқаймыз. Яғни ата-аналардың кейбірі «баланың киім-кешегін, тамағын тауып бердім, тәрбиесімен мектеп не балабақша айналыссын» деген ұстанымда. Жақындарының қадағалауынсыз қалған бала өзін түсінетін адамды сырттан іздей бастайды. Ал көшеде уақыты көп, спортпен шұғылданбайтын балалар жүреді. Олардың өмірге көңілі толмайтыны анық. Барлығына өкпелі. Мұндай ортаға тап болған баланың жаман жолға түсері сөзсіз. Өйткені отбасында дұрыс тәрбие алмаған баланы жаман ортаға ғана емес, өзге діни ағымға да қосу оңай.
Тағы бір себеп – баланың бос уақыттың пайдалы нәрселермен толтырмау. Егерде бала бос уақытында ештеңемен айналыспай телефон шұқылап, тек ғаламторда отыра беретін болса, оның ар жағындағы түрлі жаман пиғылы бар адамдардың арбауына түсіп қалуы мүмкін. Немесе күнделікті тарап жатқан адам өлімі, зорлық-зомбылық ойындарға қызығып, оны шынайы өмірде жасап көруге тырысуы мүмкін. Ал біз білетіндей оның арты еш жақсылыққа әкелмейді.
Әрбір ата-ана өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын сөйлесіп, оны мазалаған ойларын біліп, оның айналасындағы достары туралы хабардар болып, оның проблемаларын шешуге көмектесуі керек. Осы жағдайларда жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың алдын алуға болады деген сенімдемін.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет.
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.