АӘК алатын отбасыларға азық-түлік себетінің таратылуы басталды.
Белгілі болғандай ағымдағы жылдың алғашқы айында атаулы әлеуметтік көмектің жаңа нұсқасына сәйкес қосымша кепілдендірілген әлеуметтік пакет беру тағайындалған болатын. Оның аясында мектеп жасына толмаған баласы бар АӘК алатын отбасыларға ақшалай жәрдемақыдан бөлек, ай сайын азық-түлік пен гигиеналық заттар беріліп тұратын болады. Осы жылдың өткен екі айында тауар алатын дүкен таңдалынып, құжаттар ретке келтірілген. Нәтижесінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Магнум» супер-маркетімен келісімшартқа отырған. Енді қажетті тауарлар дүкендер желісінің Қаскелеңдегі филиалында жинақталатын болады. Өткен аптаның жұмасы күні ауданымыз бойынша АӘК алатын отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік көмектің азық-түлік себеттерін таратылуы басталды. Аталған бөлімнің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 372 АӘК алатын отбасының 6 жасқа толмаған 628 баласы бар. Оның 315-і 1 мен 3 жас аралалығында.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер алушылардың тізімі жасалып, кесте бойынша беріледі. Әрбір тарату пунктінде жауапты тұлғалар бекітілген. Ай сайын берілетін азық-түлік себетінің жинақталуы әр баланың жас ерекшелігіне қарай қарастырылған. Ол 1-ден 3 жасқа, 3-тен 6 жасқа дейінгі болып бөлінеді. Ал, үшінші жиынтық дене тазалығына қажетті заттар тоқсанына бір рет таратылады. Көмекке берілетін тауардың әрқайсысының бағасы белгіленіп, бекітілген. Яғни, азық-түлік себеті 4707 теңгені құраса, жеке күтімге арналған заттар 1750 теңгеге бағаланыпты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.