Ауданымыз бен алып мегаполис Алматының шекарасында орналасқан әйгілі «Апорт» моллы жұртшылықты тағы да теңдесі жоқ жобаларымен, тың жаңашылдығымен қуантып отыр. Жақында ғана, яғни, Балаларды қорғау күні мұнда «Мiami Aquapark» аквабағы мен«Funky World» ойын-сауық бағы ашылды. Енді моллдың жалпы ауданы 210 000 шаршы метрден асады.
Іргелі округінде айтарлықтай үлкен аумақты алып тұрған кешеннің Алматы облысы мен қала тұрғындарына 2009 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқаны белгілі.Тұтынушылардың сауда жасап, көңіл көтеруіне барлық жағдай ойластырылған молл былтырдың өзінде облыс бюджетіне 594 миллион теңге көлемінде салық төлеген екен. 167 дүкен, жеті заманауи кинотеатр, екі аквабақ және бес мың орынды автотұрақ жұмыс істейтін кешенде төрт мың адам еңбек етіп, бір күнде 25 мың келушіге дейін қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Ал, «Апорт» моллының бұл үшінші кезеңін салуға 23 млрд. 450 млн. теңге қаржы жұмсалған.
Өз қонақтарына арнап демалыс пен сауданың эксклюзивті форматын дайындап, жаз маусымын есте қаларлықтай ерекше әсермен ашып беріп отырған «Апортқа» аяқ басқан көпшілік былтырдан бері Қазақстандағы ең ірі гипер «Магнумды» аралап жүр. Сондай-ақ, халықтың ыстық ықыласына ие Respect, Rieker, Ostin, «Твое», «Спортмастер», SMAN, Glasman сынды брендтер де қонақтарды құшақ жая қарсы алмақ, ал, «Детский мир», Kari, Kari Kids, «Евромебель», Gloria Jeans, «Технодом», Colins, FLO, «Сулпак», LC Waikiki, Koton, Defacto сауда белгілері жаңаланған ірі форматта қызметтерін көрсетеді. Міне, енді, әмбебап кешен жаңа форматтағы концептуалды бірқатар нысандардың тұсауын кесті. Олардың қатарында бүкіл отбасыға арналған «Funky World» ойын-сауық бағы, ең үлкен SPA орталығымен жабдықталған «Miami Aquapark» аквабағы, «махаббат баспалдағы» және «тілектер фонтаны» орналасқан нағыз италиялық Пьяцца алаңында Food Gallery мейрамханалар галереясы бар.
Мысалы, жылдың барлық маусымында жұмыс істейтін «Miami aquapark & SPA» кешені ауқымы мен форматы жағынан Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей жоба болып табылады. Аквабақтың жалпы ауданы 25000 шаршы метрден асады. Ал, саябақ ішіндегі Қазақстандағы ең үлкен 23000 шаршы метр аумақты алып жатқан SPA орталығы мен «Hawaii-дегі» бассейнге қарағанда төрт есе үлкен толқынды теңіз (1860 шаршы метр) қонақтардың көңілін жаулайтын басты қызыққа айналмақ. Жазғы аквасаябақта баллондармен сырғанауға болатын «ағысы баяу өзен» аттракционы бар. Жаңа SPA кешенінде қонақтар косметологиялық, релаксациялық қызметтердің барлық түрін пайдаланып, моншада рахаттанып демала алады. Әртүрлі тақырыпта безендендірілген кең моншалар, сауналар, бірегей декор элементтерімен әшекейленген хамамдар саябақ ішіндегі көз тартар орындар екені анық. Ең қызықты, сәнді әрі озық технологиялардың барлығы осы кешеннің концепциясында қамтылған. Сондықтан, «Miami aquapark & SPA» әлемдік стандарттарға сай келетін кешен деуге толық негіз бар. Жалпы, «Апорттың» «Hawaii» аквасаябағының көп бөлігін балаларға арналған қалашық алып жатқаны белгілі. Сондықтан «Miami-дің» екінші аквасаябағы көбіне ересектерге арналған. «Апорт» моллының РR менеджері Алма Зикеннің айтуынша, «Miami aquapark & SPA» кешенінде суды дайындайтын арнайы бөлім бар, онда 12 адам қызмет көрсетеді. Тіршілік нәрін бассейнге ағызбай тұрып, әбден тазалайды. Кейін әр сағат сайын су ультрафиолет, құммен сүзгілеу сынды заманауи тазалағыш жүйеден өтіп, қажетті сапасы сақталады. Аквасаябақ Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің зертханасымен шартқа отырған, су ай сайын тексеруден өтіп тұрады.
Сондай-ақ, мұндағы италиялық Пьяцца алаңындағы мейрамханалар галереясы – Италияның көркем сәулеті мен заманауи үлгіде безендендірілген асүй аймағын ерекше үйлестіре білген жоба. Мұнда қонақтар италиялық, америкалық, жапониялық-паназиялық, шығыс, кофейня сынды бес басты концепцияның ішінен өз талғамына сайын таңдай алады. 1000 шаршы метрден аса аумақты алып жатқан футкорт 100-ден аса адамды жұмыспен қамтамасыз етпек.
Ал, жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстандағы ең ірі Funky World отбасылық саябағының ауданы төрт мың шаршы метрді, биіктігі 10 метр құрайды. Италиядан әкелінген заманауи әрі қауіпсіз аттракциондарымен, АҚШ, Жапония, Англиядан әкелінген соңғы үлгідегі ойын автоматтарымен жабдықталып, әртүрлі жастағы балаларға арнап арнайы аймақтарға бөлінген және көз жауын алатын ерекше декорациялармен безендендірілген саябақтың елімізде баламасы жоқ. Сондай-ақ, ойын-сауық саябағының аумағында балаларға арналған Funky Lab мейрамханасы қызмет көрсетеді. Мейрамаханада аниматорлардың қатысуымен туған күндерді, әртүрлі іс-шараларды отбасыңыздың және достарыңыздың ортасында өткізуге болады. Funky Lab мейрамханасында балалар өздері сүйіп жейтін сан алуан тағамдардан дәм татып қана қоймай, сонымен бірге, оларды өзі дайындай алады. Яғни, Funky Lab – еліміздегі ең ірі «Апорт» моллындағы балаларға арналған тұңғыш мейрамхана. Ашылғалы мұнда70-тен аса жұмыс орны құрылған.
Елдегі ең ірі «Апорт» моллы әлеуметтік маңызға ие жобаларды қолдауға қашанда дайын екенін аңғартып келеді. Бұл бағытта осы жазда моллдың 5 гектарлық аумағында спорттық алаңдары, демалыс аймақтары, жасанды көлі мен амфитеатры бар мәдениет және демалыс саябағының құрылысы басталады. Бұл саябақ молл қонақтарына бүкіл отбасымен демалысты қызықты өткізіп, спортпен шұғылдануы үшін толықтай тегін қызмет көрсетеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Апорт» кешені қонақтар өз уақытын жайлы өткізуі үшін 5000 көлікті сыйдыра алатын автотұрақты ұсынады. Сондай-ақ, қалаға және қала шетіне қатынайтын 20-дан аса автобустық бағыт іске қосылмақ. Бұл бастама Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесе отырып жүзеге асырылды.
Клара КӨПБАЕВА.