Көзі ашық, көкірегі ояу адам баласы үшін кіршігі жоқ кітап әлемінің тигізіп жатқан пайдасының ұшан-теңіз екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Адам үшін кітап – сабырлы да салмақты ұстаз, үндемес үлкен ғажайып жан серігі болып келе жатқанын жақсы білеміз. Ал, кітап атаулыға орны бөлек құндылық ретінде құрметпен қарауға, баса назар аударып бағалауға үндейтін және жөні түзу жол сілтейтін басты тұлға бар. Ол – кітапханашы. Оқырманмен тығыз байланыста болатын олардың атқаратын қызметінің ауқымы да кең. Олар жанашырлығымен оқырманға жәрдем беріп тұрады.
Күні кеше ғана, Қарасай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша тағы бір танымдық тағлымы тамаша игілікті іс-шараның куәсі болдық. Ол Шамалған ауылдық мәдениет үйінде өткен «Кітап – рухани жаңғыру жолында» атты тақырыптағы аудан мектептері кітапханашыларының бас қосқан үлкен жиыны еді. Аталған іс-шараға Алматы облыстық білім басқармасының бас маманы Бостан Айдос Мұқатайұлы, Қарасай ауданы білім бөлімінің бас маманы Ахметова Әйгерім Бауыржанқызы, ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Көсемова Ақлима Рахымбердіқызы, тағы басқа ауданның кітапхана ісіне жауапты мамандары қатынасты.
Ауқымы кең бағдарлама аясында өткен бұл іс-шараның беташары «Алға» би тобының қазақ мақамындағы флешмоб биімен бастау алып. қазақтың көрнекті ақын-жазушыларына арналған көрмені тамашалаумен жалғасты. Алдыңғы қатарлы ел болуға ұмтылып отырған іргесі берік мемлекетіміздің тілінің, мәдениетінің, рухани дәстүрлерінің дамуына, даңғыл жолына түсуіне нәзік те тұнықтығымен тұғырлы – кітап әлемінің тигізер ықпалы айрықша екені даусыз. Оған біз осы жиында анық көз жеткізе түстік. Игілікті шара барысында жиналғандар назарына аудандағы мектеп кітапханалары туралы слайд ұсынылды. Сарапқа салып қарасақ, аудандағы 51 мектептегі 83 кітапхана қызметінің іс жүзіне асырып отырған жұмыстарының жүйелілігімен жүргізіліп жатқаны қуантады.
Атап айтқанда, жалпы оқулық саны 1 503066, мұның 1 158780-і оқушыларға арналған оқулық болса, көркем әдебиет оқулығы 344256 екен. Оқырман саны да ойдағыдай. Қазірдің өзінде 55000 адамды қамтып отыр. Үлкен басқосудағы кітаптың адам өміріндегі алатын орны туралы көрсетілген қысқа метражды ролик көрністерінен мәні мен маңызы зор көп жайларды көкейге түюге болады. Сол сияқты мұнда Жамбыл ауылындағы №2 орта мектеп оқушылары кітап туралы өнегелі жол сілтейтін өлең өрнектерін тамылжыта оқып, тамсандырып тастады. Үшқоңыр қазақ орта мектебінің ұжымы болса «Жыртылған кітап» атты көріністі сахналап, қатынасушыларды терең ойға қалдырды. Асыл мұрамызға айналған көненің көзі, дананың сөзі кітап жайында көптеген кітапханашылар орнықты ойларын ортаға салды. Мектеп оқырмандарымен байланысты нығайтудың түйінді тұжырымдарын кеңінен тілдеріне тиек етті. Жас ұрпақпен жақсы жұмыс істеудің жолдары жан-жақты айтылды.
Мектеп кітапхана-шыларының осы басқосуында «Жас кітапханашы» номинациясы бойынша жақсы істерімен жарқырап көрініп жүрген Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің кітапханашысы Садықова Раушан Құдайбергенқызы мен Нұрсұлтан Әлімқұлов атындағы орта мектептің кітапханашысы Бұршақбаева Гүлжан Момышқызына жемісті қызметтері үшін лайықты құрмет көрсетілді. Олардың иықтарына көпшіліктің алдында арнайы белгіленген лента тағылып, абыройы мен мәртебелерін бір көтеріп тастады. Садықова Раушан Құдайбергенқызына, сонымен бірге, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі көрсеткен өнегелі қызметі үшін облыстық білім басқармасының Алғыс хаты тапсырылды.
Шынында да кітап-ханашылық қызметіне шынайы ықыласымен берілген Раушан Құдайбергенқызының адал еңбегі ауыз толтырып айтарлық. Оның кітапханашылық еңбек өтіліне 42 жыл. «Үздік кітапханашы» белгісінің иегері. Тәжірибесі толыққанды тәлімгерлігімен жетерлік. Сонымен қатар, ол тарих пәнінің мұғалімі. Екі бірдей қызметті Раушан Садықова жауапкершілікті арқалап, жан-тәнімен абыройлы атқарып келеді. Осы бағытта ол өзгелерге үрдісі бар үлгісімен өнеге көрсетіп келе жатыр. Оның алдағы алар асулары да аз емес. Оған әріптестері әрдайым сәттілік тілеп жүреді.
Үлкен іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Қарасай батыр атындағы орта мектептегі «Шапағат» тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасап, дөңгелек үстелде қорытындылаумен аяқталды. Кітапханашылардың бұл жиыны жас ұрпақтың қамы үшін жасалған есте қаларлық ерекше іс-шара болды.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының лауреаты.