Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бастамасымен жыл соңына дейін әр азамат ұялы телефонының IMEI-кодын ресми тіркеуге міндетті еді. Мұны әрине министрлік еліміздің азаматтарына «терроризмге қарсы күресте және әртүрлі қылмыстың жолын кесуде аса қажет» деп түсіндірген болатын. Ал, IMEI-код дегеніміз не? Ол ұялы телефонның ішінде немесе қорабының бетінде жазылып тұрған сандар жиынтығы. Яғни, ол байланыс құралының зауыттан шыққанда бекітіп берілетін жеке нөмірі. Бұған дейін еліміздегі азаматтардың барлығы ұялы байланысты қолдану үшін SIM картасы мен куәліктегі ЖСН-нін ғана тіркеп келген еді. Енді олардың қатарына IMEI-кодты да қосу міндетті болып отыр. Тіркелмеген жағдайда 2019 жылдың қаңтар айынан бастап телефондар бұғатталып тасталады екен. Жалпы, бұл тәжірибе Түркия мен Әзірбайжан елдерінде кеңінен қолданысқа еніп, министрліктің айтуынша өз нәтижесін беруде екен. Алайда, әр жаңа бастама кемшіліксіз болмайды. Бұның да қолайсыз тұстары бар. Бүгін біз осы жайлы айтуды жөн көріп отырмыз.
Жалпы, «ҚазТАГ» ақпараттық порталының мәліметі бойынша, ең алдымен ұялы телефон иелері ұзақ уақыт бойы смартфондарын жөндеу мен сату мәселелері бойынша көптеген проблемаларға ұшырауы мүмкін екен. Мәселен, «Beeline Қазақстан» агенттігінің айтуынша, абонент өзінің SIM картасын бөгде телефонға енгізу арқылы біреудің құрылғысымен байланыс қызметтерін пайдалана алмайды. Өйткені, олардың деректер базасында басқа адамның ЖСН мәліметімен қолдану техникалық түрде мүмкін емес екен. Егер абонентті тіркеу кезінде басқа ЖСН көрсетілсе, жүйе тіркеуді қабылдамайды және жақын арадағы байланыс салонымен байланысуды сұрайды. Дәл осындай ақпаратпен «Tele-2» және «Altel» брендтері жауап қатып отыр. Ал, өз кезегінде «Ксеll» ұялы байланыс операторы телефонның IMEI коды нөмірге тіркелген мәліметтермен сәйкес келмейтін болса, байланыс қызметтерін ұсынудан бас тартуға болатынын да алға тартып отыр.
Сонымен, 2019 жылы ереже күшіне енгеннен бастап ұялы байланыс операторлары келесі жағдайда абоненттік құрылғысын тіркеуден бас тартады екен:
1. Тіркеуге келгенде ұялы байланыс телефонның IMEI код дерекқоры басқа абонентке тіркелмеген болуы;
2. Міндетті түрде тіркеліп жатқан абоненттік нөмір басқа біреудің атында болмауы қажет.
Қорыта келгенде, барлық ұялы байланыс компаниялары кез-келген жерде пайдаланылған телефонды сатып аларда, оның бұрынғы иесінің атынан тіркеуден шыққанына көз жеткізіп алуға кеңес береді. Өйткені, SIM картаны ауыстыру кезінде, алдыңғы тіркелу жойылмаса, құрылғыны қайта тіркеу мүмкін болмай қалады.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.