Ғасырлар бойы аңсаған тұғырлы Тәуелсіздігімізге биыл 27 жыл толып отыр. Осы азаттық күн үшін арпалысқан қазақ жастарының күресі – ол Желтоқсан көтерілісі. Сол бір 86-дағы жастар көтерілісінде көптеген қыз-жігіттер жараланып, азаттық үшін жанын пида еткендер қаншама. Осы бейбіт күніміз үшін күрескен сол кездегі қаһармандарымыздың бірқатары қазір ортамызда жүр. Кеше аудан әкімі Жандарбек Далабаев Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Салтанатты жиында аудан басшысы алдымен желтоқсаншы ардагерлермен танысып, Тәуелсіз азат күніміз жайлы сыр шертіп, ой қозғады.
– Әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы шығып, бас көтерген жастардың ерліктері ешқашан ұмытылуға тиіс емес. Оны осы уақытқа дейін тарих беттері де дәлелдеп келеді. Сондықтан Тәуелсіздігіміз алтын әріппен жазылып, ғасырлар қойнауында мәңгі сақталу керек деп ойлаймын, – деді аудан әкімі.
Сөз барысында Жандарбек Ермекұлы ауданымыздың бірқатар мәселелерін алға тартып, оның аясында атқарылатын жұмыстарымен де бөлісті. Аудан бойынша экономикалық жағдайдың тұрақтылығын айтып, алдағы уақытта шешілмеген түйіткілді мәселелер өз шешімін табатынын да жеткізді.
Осылайша аз-кем орнықты ойлардан кейін аудан басшысы мерекелі күннің кейіпкерлері – желтоқсаншыларды жеке-жеке марапаттап, сый-сияпаттарын тапсырды. Жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, отбасыларына амандық, бақыт, берекелі табыстар тіледі.
Осындай ізгі тілек пен құттықтау сәтінен кейін Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, «Қайсар жүрек» қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы Салмақбай Насыр сөйлеп, келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен барлығын құттықтады. Өз кезегінде аудан әкімі Жандарбек Ермекұлына желтоқсаншылар атынан ерекше ризашылығын білдіріп, «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының атынан Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, аталмыш қордың мүшесі, ауданымыздағы желтоқсаншылар ұйымының төрайымы Жұмажан Айжарықова да өз ойын ортаға салып, сол бір қаһарлы қыстағы күндерін толғаныспен еске алды. Сөз соңында Іргелі ауылдық округінің әкімі Қәдірбек Атшабаровтың әрдайым қолдау білдіріп жүретінін айтып, «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының Алғыс хатын табыс етті.
Азаттықты ту етіп, егемен ел болсақ деп намыс отын алаулатқан мұндай жүректі қаһармандарымыз әрдайым құрметке лайық деп ойлаймыз. Тәуелсіздігімізді тарихқа таңбадай етіп қалдыруға жанын берген, ызғарлы аязға шыдаған азаматтардың абыройлы істері ұрпақтан ұрпаққа өшпес мұра болып қала бермек.
Дидар МУХАМАДИЕВ.