Айлардың сұлтаны – Рамазан айында, қазақ қолөнерін дүниежүзіне танытып жүрген, атақты этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада ауданымызда екінші рет ақысыз шебер сабақтарын өткізді.
Осы аптаның бірінші күні бастау алған тамаша шара Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды. Бұл шебер сабақтар көбінде жұмысқа шығуға, қаржы табуға мүмкіндігі болмай жататын әлеуметтік тұрмысы төмен әйелдер қауымы және көп балалы аналарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қолдау мақсатында ұйымдастырылған екен. Үш күн бойы Ырза Тұрсынзада ерекше ықыласпен тігін өнерін үйренуге ниетті 50-ге жуық қыз-келіншектермен өзінің тамаша өнерінің қыр-сырымен бөлісті. Осы уақытта қыз-келіншектер тігін өнерінің жан-күйін үйреніп, үздіктерін көпшілік назарына ұсынды. Сөйтіп, шебер сабаққа қатысушылар қызылды-жасылды көз сүйсіндірер көрпелерді құраудың қыр-сырын меңгергенін анық байқатты. Барлықтарына Ырза Тұрсынзададан арнайы сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, арнайы құрылған сарапшылардың көмегімен үздік шыққан құрақ көрпелердің иелеріне бес бірдей тігін машинасы табыс етілді. Олардың барлығын аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова марапаттап, шараның мән-маңыздылығын тілге тиек етіп, өте жақсы деген бағасын берді. Ал, шараның ұйымдастырылуына септігін тигізген Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов та шебер сабақ өткізуге арнайы келген Ырза ханымға алғысын айтып, ізгі тілегін білдірді. Әрі қарай жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Тағы бір айта кетерлігі, өткен және осы жолғы Ырза Тұрсынзаданың шебер сабақтарына қатысқандар Шамалғандағы мешітке қырыққа жуық көрпе тапсырып, ізгілікті іс атқарыпты.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.