Биыл Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Көлащы ауылында аумағы 1 гектар жерді алатын, 300 келушіге арналған алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы мен оған апаратын ұзындығы 600 м жолдың құрылыс жұмыстары басталып, жоспарға сай пайдалануға беріледі. Бұл туралы осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың аталған округтің тұрғындарымен онлайн форматта өткізген есептік кездесуінде округ әкімі Алпамыс Айдаров мәлімдеді.
Мұнан бөлек жиын барысында округ әкімі жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жайлы, сондай-ақ, 2021 жылы атқарылатын өзге де істер туралы кеңінен айтып өтті. Мәселен, Алпамыс Айдынұлының айтуынша, Тұрар ауылының тұрғындарын дәрігерлік амбулаториямен және пошта байланысы торабымен қамтамасыз ету мақсатына 0,27 гектар жер телімі бөлініп, бүгінде құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар, 2019 жылы «Алматы – Нұр-Сұлтан» және облыстық маңызы бар «Алматы 1 – Шамалған – Ұзынағаш» автокөлік жолдарының қиылысындағы теміржол өткелінде болған оқиғадан кейін, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 2020 жылы жер үсті аспалы көпірі салынып қолданысқа берілсе, биыл осы жермен көліктерді жүргізбеу мақсатында салынып жатқан айналма жолдың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетін болады. Бұған қоса жоспарға сай Жібек Жолы ауылындағы Жайлау, Құрманғалиев, Байтұрсынов, Ақжазық, Сәтпаев және Достық көшелеріне биыл күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Тұрар ауылында ауыз су жүйелерін жүргізу жұмыстары толықтай аяқталып, ауылға 28 шақырым ауыз су құбырлары тартылып, 2 ауыз су жинайтын резервуар мен су ұңғымасы қазылды. Жібек жолы ауылында орналасқан жаңа Мөлтек ауылындағы үйлерге 12 шақырымды құрайтын интернет желісі тартылып, 2021 жылы әр үй интернет желісімен қамтамасыз етілетін болады. Округтегі үш ауысымдық мектептерді азайту мақсатында өткен жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне 600 орындық жапсаржай салынып, қолданысқа берілсе, Жібек жолы ауылындағы Қазақ орта мектебіне 600 орындық жапсаржай салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, алдағы уақытта оның да құрылысы басталатын болады. Мұнан бөлек жиында Алпамыс Айдынұлы өткен жылы Жібек жолы ауылында қыстық және жаздық шағын футбол орталығы ашылса, биыл аталмыш ауылдың орталығына «Work Out» алаңы салынатындығын және де Тұрар ауылынан спорт алаңын салуға жер қарастырылып, оған қажетті құжаттар облыстың қарауына жіберілгендігін де жеткізді. Жоғарыда айтылып өткендей, осы барлық жақсы жаңалықтар аудан басшысының өткізген есептік жиынында айтылды.
Алайда, Жібек Жолы 35500-ге жуық тұрғыны бар ірі округ болғандықтан, мұнда әлі де шешімін қажет ететін мәселелер жетерлік. Мәселен, аталған жиында тұрғындар тарапынан округке жеке перзентхананың қажет екендігі айтылды. Бұған округ әкімі Алпамыс Айдаров өткен 2020 жылы округте 1287 сәби дүниеге келгендігін тілге тиек етіп, жоғарыда айтылып өткен медициналық орталық ойдағыдай салынып бітсе, онда ескі аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, перзентханаға айналдыру жоспарда бар екенін айтты. Сонымен қатар, тұрғындардың Досымхан Хусаин, Ұлан және Жолдас сияқты бірқатар көшелердің жөнделуі жайлы сауалына да жауап беріп, Досымхан Хусаин көшесі биыл, Ұлан көшесі 2022 жылы, Жолдас көшесі 2025 жылы, сол сияқты, өзге де көшелер бекітілген жоспарға сай жасалатындығын айтты. Мұнан бөлек жиында Алпамыс Айдынұлы биыл Жібек Жолы ауылының орталығына «Work Out» алаңы салынатындығын және Тұрар ауылынан спорт алаңын салуға жер қарастырылып, оған қажетті құжаттар облыстың қарауына жіберілгендігін айтып өтті. Округ әкімін тыңдаған Жандарбек Ермекұлы аталған спорт алаңына қажетті қаражатты аудандық бюджеттен беретіндігін айтып, мұны қадағалауды өзінің орынбасары Дулат Сансызбаевқа тапсырды.
Сонымен қатар, Алпамыс Айдаров тұрғындардың келісімімен Жібек жолы ауылындағы мектепке арналған жерге Мәдениет үйін тұрғызу жоспарда бар екенін айтып, әкімдік тарапынан көмек сұрады. Округ әкімінің бұл ойын аудан басшысы қолдап аталмыш жер ыңғайлылығын тексеріп, нысанның құжаттарын дайындауды жүктеді. Жиында округ тұрғындарын мазасын алып, жол кептелістеріне әкелетін базар жайлы да біраз шағымдар түсті. Аудан басшысы аталған мәселені шешу мақсатында округ әкіміне, біріншіден, бұл базардың әлі де заңдастырылмағандығын, екіншіден, олар көлік жүретін жолдан кем дегенде 35 метр алыс орналасу керектігін айтып, оны шешуді тапсырды.
Жоғарыда айтылғандардан басқа жиында қаңғыбас иттер, жолдағы, үйдегі жарықтардың әлсіздігі, су ағынының баяулығы сияқты бірқатар мәселелер де көтерілді. Округ әкімі бұл аталған істер әкімдік тарапынан назарға алынып, осы бағытта жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.