Жалпы кім болса да, қай облыста тұрса, сол өңірдің төл газетін оқуы керек деп есептеймін. Себебі айналамызда не болып жатқандығынан жан-жақты хабардар болып отыру – бүгінгі күннің талабы. Бұл орайда облыстық басылымның алар орны ерекше екені анық. Газет бетін ақтарып жіберсеңіз, сан-саладағы жаңалықтарға қанығасыз. Онда барлық дерлік сала қамтылады. Облыс экономикасының даму барысынан бастап, қоғамдық өміріндегі оқиғалардан шынайы ақпарат ала аламыз. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жан-жақты баяндалады. Рухани дүниеге де кеңінен орын берілген. Бұл үрдіс «Алатау арайы» газетінде де сақталады. Облыс орталығы Қонаев қаласының тыныс-тіршілігінен бастап, өз ауданымыздағы жаңалықтарды осы басылымның бетінен біліп отырамыз.
Өз басым кітап, газет-журнал оқығанды ұнатамын. Бұл – ата-анам мен ұстаздарым-нан алған тәрбие. Ал облыстық газетті үзбей оқимын, оның тұрақты оқырманы-мын. Газет бетінде жарық көрген мақалаларды мұқият қарап, Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын міндеттердің жер-жерде қалай жүзеге асырылып жатқандығынан үнемі хабардар болып отырамын. Облыстағы әрбір аудан-қалаларда не болып жатқандығын білемін. Біздің мектеп – аудандағы үлкен білім ошақтарының бірі. Ол 2020 жылы ашылған болатын. 1200 орындық заманауи мектепте 60-қа жуық оқу кабинеті, 50-ге тарта интерактивті тақта, екі кітапхана, 230 орындық асханасы бар. Кең де жарық білім ұясында оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Ұжымда жүз педагог еңбек етеді. Кітапханада көптеген мерзімдік басылымдарды оқуға болады. Дегенмен жаздырып алып оқудың жөні бөлек. Сондықтан өз басым биылғы жылдан бастап жеке газет болып жарық көріп келе жатқан «Алатау арайына» жазыламын. Мені әріптестерім де қолдайды ғой деп ойлаймын.
Раушан ЕРМҰҚАНОВА,
Ұзынағаш ауылындағы орта мектебінің директоры.
Суретте: Мақала авторы үздік ұстаздардың ортасында.
Жамбыл ауданы.