Жақында, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасымен жарыққа шыққан Жетісу ақын-жазушыларының кітаптарының тұсаукесері өтті. Оқырмандарға жол тартқан 41 автор кітаптарының ішінде өзіміздің Серік Қалиевтің «Ақын жолы» өлеңдер жинағы да бар.
Осы ретте автордың қысқаша өмірбаянына тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Қалиев Серік Мақұлбекұлы 1961 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Амангелді орта мектебін бітіріп, сол жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының «Ауыл құрылысы» факультетіне түсіп, оны 1983 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын құрылысшы болып бастағанымен, сол жылдарда қайта жаңғырған ұлттық өнеріміз – айтысқа қатысып, облыс атынан республикалық бірнеше айтыстарда жеңімпаз атанып, түрлі жүлделерге ие болған.
Содан бері мәдениет, БАҚ салаларында қызмет етумен қатар, көркем және деректі фильмдер шығарумен үзбей айналысып келеді. «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында авторлық бағдарламалар жасаған.
Бүгінгі таңға дейін оншақты өлең мен әңгіме жинақтары жарық көрген. 2000 жылдан бері Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Қазіргі уақытта біздің Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.
«Ақын жолы» атты бұл кітапта Серік Мақұлбекұлы өлең деген жәй ғана көңіл-күй, әдемі әсер, сұлу ұйқас, көркем теңеу емес, қоғамға пайда әкелетін, жауапкершілігі мол, жүгі ауқымды дүние екенін сезіндіреді. Ұлтымызды ұлы істерге, бауырмалдылық, ауызбіршілікке, адами қасиеттерді бағалап қана қоймай, оны ұстануға шақыратын мағынаға бай, мақтауға сай көркем шығармаларын автордың осы өлеңдер жинағынан оқуға болады.
Ал, аталған кітапты, әрине, Қарасай аудандық кітапханасынан таба аласыздар.
Мақпал АУСАДЫҚОВА,
кітапханашы.