1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлердің ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі десек, артық айтқанымыз емес. Олар – оқ пен оттың ортасынан табылып, анттарына адалдық танытқандар. Осындай ержүрек азаматтардың бірі – Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Әділбек Қаналиев. Ол 1970 жылы 29 маусымда Қарақалпақстан Республикасында дүниеге келген. Туған топырағында ержетіп, 1988 жылы қараша айында ел алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін Кеңес әскері қатарына шақырылған.
Әділбек Алымбайұлы алғашқы әскери қадамын Примор өлкесінде сержанттар дайындайтын оқу-жаттығу бөлімшесінде бастаған. Ал 1989 жылы Сарыөзек қаласындағы қарауыл қызметіне ауыстырылған. Оның осылай әр жерде шыңдалуы бекер болмағандай. Өйткені жауынгердің әскери міндетінің сыналуы басқа қалада жалғасқан.
– 1990 жылдың қаңтар айында әскери дабылмен бізді Арменияның астанасы – Ереван қаласына аттандырды. Ол кезде армян-әзірбайжан қақтығысы шиеленісіп тұрған шақ еді. Бізді алып келген ұшақ таңғы 4-5 шамасында Ереван әуежайына қонды. Ұшақтан түскен бойда айналадағы атыс дыбыстары құлаққа естілді. Бұл – менің соғыс шындығымен бетпе-бет келген алғашқы сәтім еді. Біз 73869-мотоатқыштар полкінің құрамына қосылдық. Мен аға сержант, взвод командирінің орынбасары қызметін атқардым. Алғашқы бір айда біздің бөлімшеге жиі шабуыл жасалды. Түнде автоматымызды құшақтап, оқ өтпейтін кеудешемен ұйықтайтынбыз. Кейін қала тыныштығын қамтамасыз ету үшін блокпосттарға орналастық. Сарбаздарды қарусыздандыру операцияларына қатысып, түрлі әскери тапсырмаларды орындадық, – деп Әділбек аға майдан даласын еске алды.
Оның әр сапары қауіп-қатерге толы болған. Степанакерт, Қазақ ауданы, Мегри, Паравкар сияқты аймақтарда әскери дабылмен талай мәрте жіберілген. Таңсық орта болса да әскери қызмет ол үшін басты міндет болды. Сондықтан оған ауыр сынақ қару асыну емес, жанында жүрген қаруластарыңның көз алдыңда жараланып, оққа ұшқаны болды.
– Бір майданда жүрген азаматтардың ауыр жараланып, тұтқынға түскені жанымызға бататын. Біз ел алдындағы парызымызды өтедік, бірақ бұл ерлікті ешкімге айтуға құқығымыз болмады. Себебі Кеңес үкіметі кезінде бұл қақтығысты жария етпеу керек еді, – деді ауған жауынгері.
Әділбек Алымбайұлы әскери борышын 1990 жылдың қазан айында аяқтаған. Еліне оралар шақта оның командирі, аға лейтенант Алтухов өз командасымен ұшаққа дейін шығарып салыпты. Бұл – оның әскери өмірінің соңғы және жүрегінде мәңгілік сақталған сәті.
Ауған соғысының ардагері әскерден оралған соң біраз жыл осы бағытта қызмет атқарған. Алайда өмірін басқа арнаға бұрып, ұстаздық жолды таңдаған. Одан кейін спортқа ден қойып, осы салада қызмет етуді жөн санапты.
2003 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударып, жаңа ортада отбасымен бірге өмір бастаған. Бүгінгі таңда ұлттық спортты дәріптеп, оның ішінде «Асық ату» және «Ат спорты» бағытында жаттықтырушы болып еңбек етеді.
Өз тілшіміз.