Осы аптада, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXIX конференциясы болып, күн тәртібінде маңызды мәселелер талқыланды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева жетекшілік етіп, жер-жерден сайланған делегаттардың қатысуымен өткен басқосуды жүргізіп отырды. Конференцияның жұмысына бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар мен оның төрағалары, партияның Алматы облыстық филиалы Саяси Кеңесінің мүшесі Максим Стадников, аудандық мәслихаттың хатшысы, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме басшылары, партия ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар және жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысып отырды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат сөз алып, қазіргі таңда жүзеге асып жатқан партиялық жобалардың атқарылу барысын баян етті.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партияның кезекті XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау жайын сөз етті.
Оның ішінде «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» сияқты ұлттық жобаларды айтуға болады. Ақшолпан Қайратқызы осы аталғандардың әрқайсысы бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың да мән-жайын кеңінен айтып өтті.
– «Бақытты отбасы» жобасы аясында ауданның әлеуметтік картасы әзірленді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мүмкіндігінше көмектер көрсетіліп жатыр. Ал, «Құтты мекен» жобасы аясында да жұмысшы тобының жасақталуы арқылы жол картасы әзірленуде. Осыған байланысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар нақты жоспарланып, жауапты мекеме басшыларына тапсырылды, – деді аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Жоғарыда аталған қос жобадан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жайлы да айтылды. Олардың ықпалымен жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар мен мақсатты істердің қатары да конференция қатысушыларына түсіндірілді.
Партияның осындай нақты жобалары айтылып болған соң, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов баяндамасын оқып, аса маңызды саяси науқан болып табылатын алдағы президенттік сайлау жайлы өз ойын ортаға салды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ел Президенті ретінде мемлекет үшін жасаған елеулі еңбектерін айтып өтті. Өз сөзінде, сонымен қатар, Сағат Ұлтарақұлы жақында ғана Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде мәлім болған мектеп басшыларынан бастап ұстаздар мен білім ұясы қызметкерлерінің жалақысы өсетіні туралы да ақпар беріп өтті.
Осыдан кейін конференцияға жетекшілік етіп отырған аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы күн тәртібіндегі екінші мәселеге тоқталды. Нақты айтқанда, Алматы облыстық партия филиалының кезектен тыс XХVІ конференциясына делегаттарды сайлау қажеттігі сөз етілді.
Сонымен, делегаттардың аты-жөні тізім бойынша дауысқа салу арқылы қабылданып, құрамы бекітілді.
Соңында аудан әкімінің орынбасары А.Назарбаева конференция делегаттары мен шақырылғандарға күн тәртібіндегі барлық мәселе қаралғанын айтып, конференцияны жабық деп жариялады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.