Бағлан Омаров. Бұл есімді бұрыннан естіп жүретінбіз. Кәсіби композитор, әдемі ән өңдеуші ретінде білетінбіз. Енді, міне, өзімен тікелей жүздесіп, әсерлі әңгімелесудің оңымен орайы келіп, сәті түскеніне өте қуанып отырған жайымыз бар.
Бағлан мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ әрдайым әсем ән-күйге елтіп, ерекше күй кешетін еді. Кейіннен орнықты, ойлы, сергек те сезімтал бозбаланың бойын, тіпті, сан түрлі сазды әуен барынша баурап алып, жан-жүрегіне тағат таптырмайтын болды.
Ақыры сондай сырлы сезімнің жетегімен Алматыдағы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториядан бір-ақ шықты ғой. Атап айтқанда, 1992 жылы осы жоғарғы оқу орнының ұлт аспаптары бөлімін үздік бітіріп, кәсіби музыкант атанды.
Содан бері Бәкең егемен еліміздің өнер саласына өзіндік еңбегін сіңіріп келеді. Халық сүйіп айтатын он бестей ән жазды. Дегенмен, кейіннен ән өңдеу өнеріне біржолата бет бұрып, осы орайдағы атап айтарлықтай жұмысымен жұртқа кеңінен танылды.
Жалпы, ән өңдеу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін, әркімге жалын ұстата қоймайтын өнер. Онымен музыканың ішкі иірімдеріне бойлай алатын, сыртқы бұлқыныстарын, сансыз қыры мен сырын терең білетін адам ғана айналыса алса керек-ті. Өйткені, жазылған ән қанша жерден жақсы болса да, оған өңдеу, әрлеу жүргізілсе ғана жолы жақсы ашылады. Ән ғана емес, оны айтқан әншінің де бабы келіп, бағы жанады, үлкен сахна төрінен көп ұзамай көрінеді. Әрине, әр әншінің талап-талпынысы мен таза талантын жоққа шығаруға болмас, алайда, ән мен әнші әдемі әуен, ынтықтырар ырғақ арқылы бір-бірімен үйлесіп тұрса ғана қалың халықтың ыстық ықыласы ауары да анық.
Бұл ретте Бағланның сіңірген еңбегін айрықша атап айту керек. Ол қазірге дейін бір жарым мыңға жуық әнге өңдеу жасап, өрнегін келтіріпті.
Мәселен, белгілі әнші Досымжан Таңатаров айтатын әндерді өңдеп, алғашқы бейнебаяндарын түсіріскен. Жігіттерден құралған «Серпер» тобы мен «Сунекеш» қыздар тобын құрған. Ел сүйетін Тоқтар Серіковтың жары, тамаша әнші Бейбіт Сейдуалиеваны мейрамханада ән салып жүрген жерінен тауып, Алматыға алып келген, үлкен өнердегі жолын ашып, елге танылуына себепкер болған.
Сол сияқты Жұбаныш Жексеновтың да «Жарыққа жарқырап шығуын ұтымды ұйымдастырып», оңтүстік астана – Алматы сахналарына апарып, алғашқа бейнебаяндарын түсірген. Қазақ әнін қалықтатып, қалың жұрттың құрметін иеленген атақты «Мұзарт» тобына бағыт-бағдар беріп, алғашқы 6-7 әнін өңдегенін қалай риза бола отырып айтпаймыз!
– 1997 жылы республикалық «Жас қанат» байқауына Гауһар Қаспақова мен Құрмаш Махановты әкеліп қатысуына ықпал еттім, – дейді Бағлан Қалтайұлы. – Сонда Гауһар бірінші, ал, Құрмаш екінші орын алды. Сонымен қатар, 1999 жылғы «Жас қанатта» мен дайындаған Мәдина Сәдуақасова лауреат атанғанын білесіздер. Сол кезде Президент оркестрінің жетекшісі, қазіргі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оны аттай қалап, өздеріне әншілікке алып қалып еді.Мәдинаның бүгінде қандай биікке жеткенін көріп отырсыздар.
2016 жылы ауданымызда «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамбілі құрылғаны мәлім. Оның да ыстық-суығына күйіп, басы-қасында жүргендердің бірі осы Бәкең. Қазір ансамбльдің көркемдік жетекшісі ретінде аталған өнер ұжымының ісін өрге бастыруға, өрісін кеңейтуге бар білім-білігін, күш-жігерін, қажыр-қайратын жұмсауда.
– Ансамбліміз өткен жылы Алматы облысы бойынша өз саласында бірінші орын алды, –
дейді тағы да Бәкең. – Айтқандай, былтыр «Үшқоңырымыз» Біріккен Араб Әмірліктеріне – Дубай қаласының қырық бес жылдығына Қазақстанның атынан арнайы барып, қатысып қайтты. Алға қойған мақсатымыз көп. Жақында жаңа әншілер қабылдадық. Жаңа бағдарлама жасадық. Тағы бір нәрсені айта кетейін – қазір мюзикл дайындап жатырмыз, ол не туралы, қалай, қандай – әзірше құпия. Алла абыройын берсе, онымен бүкіл республиканы араламақ ойымыз да бар.
Сөзіміздің аяғында біз барлық қарасайлық өнер сүйер қауымның атынан республикалық «Мәдениет саласының үздігі» атағының иегері Бағлан Омаровты мерекесімен құттықтап, келешекте де бұл салада үлкен жетістіктерге жете беруіне тілектес екенімізді білдіреміз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.