Бүгінгі студенттің болашақта білікті маман атануы оның кәсіби шеберлігінің шыңдалуына байланысты. Осы мақсатта қазіргі таңда еліміздегі оқу ордалары білім алушыларының тәжірибе алмасуы үшін түрлі мекемелермен, компаниялармен, зауыттармен ортақ келісу арқылы қарым-қатынасты нығайтуда.
Осындай іскерлік бағытпен жақында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің өкілдері арнайы түрде Шамалған ауылында орналасқан «КЗТА» ЖШС-не келді.
Алматы қаласынан келген қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділ және «КЗТА» ЖШС-нің директоры Ринат Гусаинов қарсы алды. Кездесу барысында арматура өңдеумен айналысатын зауыт пен елдегі бірінші техникалық университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мұндағы басты мақсат – ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтып, кадрларды дайындау, бірлесе зерттеу жүргізу.
Екіжақты келісім ретінде меморандумға Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен «КЗТА» ЖШС-нің директоры Ринат Гусаинов қол қойды.
Айта кетейік, меморандум аясында алдағы уақытта студенттер үшін «КЗТА» ЖШС-нен тәжірибе жинақтап қана қоймай, кәсіби дағдылары бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері де қарастырылған.
Өз тілшіміз.