Көрікті Көлсай жақтағы Күрметі ауылын, сол өңірді білмейтін адам кемде-кем. Көлсайдың көлдерін тамашалап, көңілдерін жайландырып алып, асыға қоймаған адамдар Саты мен Күрметінің де сай-саласын, орман-тоғайын, небір таңғажайыптарына толы өңірін көрмей кетпейді. Көлсайға көрік берген күн батыс жақтағы тауды ары ассаң, Күрметінің көркем жеріне тап боласың. Сыңғыр қаққан бұлақ, неше түрлі гүліне толы құрақ осында. Қарағайы, қайыңы, тал-терегі жанның рахаты. Дәл осы өңірдің қасиетті топырағынан жаралып, нәр алып, үлкен өмір белесіне таралғандардың осалы аз. Біз сөз еткелі отырған Мамыров Ерғали Білдебайұлының да саналы ғұмыры өнегесіне толы. Кереге таулы Кеген ауданынан Ерғали Нүсіпов атты және Нұрғали Мамыров атты қос бірдей академик дүниеге келген. Әңгімемізге арқау болған Ерғали Мамыров сол екі академиктің бірінің атына, екіншісінің фамилиясына ие болған. Мүмкін ата-анасы Күрметіде іңгәліп дүние есігін ашқан кіп-кішкентай шақалаққа Нұрғали Мамыровтай академик болсын деп, Ерғали деп ұйқастырып, ырымдап атын қойған болар. Сол Ерғали да осал емес. Академик ағаларының жолын қуып кетпесе де, ғылымның емес білімнің жолын қуып, ауданның білім саласының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Бір басында бірнеше диплом бар. Өз тұсындағы Абай атындағы педогогикалық институтын «география және экология пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, Алматы қаласындағы политехникалық техникумын «астық шаруашылығын қорғау мен сақтау» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Оның үстіне әкесі марқұм Білдебай Мамыров өз тұсында Абай атындағы педагогикалық институтының химия-биология факультетін қызыл дипломмен бітірген, зейнет демалысына шыққанша ұстаздық еткен, әр жылдары мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарған, ауданның Құрметті азаматы атанған айтулы жан болды. Түптеп келгенде Ерғалидай алтын ұлдың әкесінің жолын қуғаны, әкесі білім алған жоғары оқу орнында дәріс алғаны, ғибратты ғұмырлы әкесінің жолын жалғағаны бекер емес. Кейінгі мамандығы бойынша бірнеше жыл Жалаңаш ауылындағы астық қабылдау пунктінде, «Таушелек» ешкі кеңшарының 1 фермасында жауапты қызметтер атқарғанымен, 1989 жылдан білім саласында. Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы орта мектепте қарапайым жұмысшыдан бастап, Германия жерінде азаматттық борышын абыройлы атқарып келгені бар мектепте дене тәрбиесі пәніннің мұғалімі болып еңбек етті. Білімді, білікті, парасатты азамат білім ордасында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Өз ісін жақсы білетін, шаруасына тиянақты, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы да жетерлік Ерғали мектептегі педагог-ұйымдастырушы қызметін де абыройлы атқара білді. Ең бастысы, 2007 жылдан бастап өзі туып-өскен ауылындағы, өзі білім алған Ә.Ниязбеков атындағы негізгі мектебінің директоры болып он жылдан астам уақыт жемісті жұмыс жасады. Сол мектептің уақыт талабына сай дамуына бастамашыл болды. Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғырып, жайнаған, материалдық базасы да толыға түскен мектеп көрсең көзің тоярлық.
Біздің кейіпкеріміз 2020 жылдан бері қарай алғаш еңбек жолын бастаған Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы мектеп-лицей директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары әрі гография пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Мамандығы бойынша еңбек өтіліне 33 жыл болса, соның 25 жылын басшылық қызметке арнаған жан. Биыл ақпан айында мерейлі алпыс жасына келген Ерғали ізденіссіз емес. Шығармашылығы да толағай табыстарына толы. Ұлағатты ұстаздық ісінің жемісі мәуелі. Республикалық оқу-әдістемелік «Мұғалім» журналына «Кембридж оқу бағдарламасының құндылықтарын меңгеру – уақыт талабы» атты мақаласы, облыстық «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін дамыту» атты әдістемелік жинағына «Дүниежүзілік мұхит» және «Атмосфера және оның қасиеттері» атты ашық сабағы жарияланды. Жалпы, республикалық ғылыми-әдістемелік «Мектеп директоры», «Сыныптағы тәрбие» журналдарына тәлім мен тәрбиеге қатысты мақалалары жарық көрген. Облыстық әдістемелік бірнеше оқу құралына, жинағына ізденісті еңбектері, ашық сабақтары жарияланды. Мұның бәрі өмірін ұстаздыққа, Тәуелсіз мемлекетіміздің болашақ-келешегі, тірегі мен тілеуі болар қалыптасқан азаматтар тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаздың, білікті басшы, іскер ұйымдастырушының ерен еңбегін, төккен терін, жарқын да жайдары келбетін көрсетеді.
Ерғали Мамыровтай азаматттың өңірдегі білім саласының өркендеуіне қосқан еңбектері елеусіз емес. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Республикалық «Өрлеу» Білім және Ғылым технолгоия порталының «Ұлағатты ұстаз» және «Құрметті мектеп директоры» төсбелгілерімен марапатталған. Райымбек, Кеген аудандары әкімдерінің, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасына ие болған. Ерғали Саты ауылындағы өнегелі жанұяның отағасы. Жұбайы Сайра Мамырова да ұстаз. Мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі білікті орынбасары. Жаннеттей ұлдары Есік қаласында жауапты қызмет атқарса, келіндері Бану Есік педогогикалық колледжінде ұстаздық етеді. Еңліктей қыздары мен Мұқаметали атты күйеубалалары Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы «Атомпром» компаниясында инженер болып еңбек етіп жүр. Бұл күнде Ерғали мен Сайра алтындай немерелерін сүйіп отырған бақытты жандар. Елағалық жасына келген Ерғалидың жақсы күндері, шуақты шақтары алда деп ойлаймыз. Еліне сыйлы, жұртына қадірлі, еңбек еткен ортасына құрметті азамат ғасырлық ғұмыр кешсін!
Қ. САТЫПАЛДЫ.
Саты ауылы.