Еңбек қашанда адамды биікке жетелейді. Айналамызда адал еңбегімен елге танылған қарапайым жандар жетерлік. Бүгінде олардың көбі күн райының аптап ыстығы мен суығына қарамастан өз міндеттерін адал, таза әрі сапалы атқарып келеді. Оларсыз елдің дамуы мүмкін емес. Сондықтан Қазақстанда жұмысшы мамандықтарының беделін нығайтуды және кәсіби дағдыларды дамытуға аса мән беріліп келеді.
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасап, онда «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетінін, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы қажет екенін баса айтып, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялған еді. Бұл ретте құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты кез келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көңіл бөлініп, мәртебесі артпақ.
Президенттің тапсырмасына байланысты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында республикалық жоспар бекітілді. Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Техникалық мамандарды қолдау шаралары іске асырыла бастады.
Соның бірі – Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Отбасы банкі іске асыруды қолға алған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы. Бұл – техникалық мамандарға арналған тұрғын үй несиесі. Оған өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлері қатыса алады.
Аталған бағдарлама 2024 жылы іске қосылған алғашында 20 %, кейіннен 10 % жарнамен тұрғын үй алуға болатын «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі болмақ.
«Отбасы банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ерболат Едігеевтің мәліметіне сүйенсек, жаңа бастама аясында ағымдағы жылы жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланған.
Бірінші және екінші нарықтағы пәтерлерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни егер де үміткер бірінші нарықтағы әрленген дайын пәтерді сатып алғысы келсе, 10 пайыздық алғашқы жарнасы болуы қажет. Ал егер әрленбеген жаңадан салынған үй немесе қайталама нарықтан сатып алу жоспары болса, 20 пайыздық жарнасы болуы шарт.
Ипотека әлеуметтік осал санатқа жататындарға жеті пайызбен (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), басқа санаттағылар үшін тоғыз пайыздық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен беріледі. Несие көлеміне қатысты шектеу бар. Анығырақ айтқанда, несиенің ең жоғары сомасы облыстардағы тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға 30 млн теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге деп белгіленген.
Жоспарға сәйкес, бағдарламаға қатысқысы келетіндердің өтінімдерін қабылдау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айының 17-сі басталатын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, Отбасы банкі «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейтін болады. Бұл кәсіпорындардың өз қызметкер-леріне несие беру үшін қаражат бөлуіне ықпал етеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырыла бастаған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы техникалық мамандықтар иелеріне жақсы қолдау болатын бастамалардың бірі десе де болады. Ол өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларындағы мамандарға баспана алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін осы топтың тұрмыстық мәселелерін шешуге ықпал етеді. Сондай-ақ жастардың осындай мамандықтарға деген қызығушылықтарын арттырады.
Жұмысшы мамандықтар иелеріне арнайы іске асырыла бастаған бастама халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, мемлекетіміздің тұрақты дамуына да оң әсерін тигізетін болады, – деді «Отбасы банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ерболат Ғабитұлы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.