Қарттар үйі… Атауы қатал болғанымен, бұл ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар жер. Алайда, мұңды көздерге, сарғайған сағынышқа, ұқсас тағдырларға, өзекті өртер өкінішке толы. Сондықтан, қатты жүректі жібітетін, ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын. Бірақ сондай орындардың қоғамда бары ащы болса да шындық… Дегенмен, олардан балалары алыстап кетсе де, жергілікті атқарушы органдар қарттарға назар салып, көмектерін аямай, қол ұшын созуда. Оған дәлел ретінде, осы аптаның сейсенбі күні Қаскелең қаласындағы «Нұр Отау» жеке пансионатында «Қарттарым, аман-саумысың?» атты акция аясындағы кездесуді айтуға болады.
Аудандық білім бөлімінің бастауымен ойластырылған бұл мерекелік іс-шараға аталмыш бөлімнің әдіскері Мансия Буданова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Ералы Рахметқожаев және қарттар үйінің 40-қа жуық ардагерлері қатысты.
Жалпы, бұл басқосуда тағдыр тәлкегін көріп отырған ата-апаларымызды ұйымдас-тырушылар көңілдерін көтере отырып, арнайы мерекелерімен құттықтап, Үшқоңыр орта мектеп гимназиясының оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаларын қойды. Онда аталмыш мектептің музыка пәнінің мұғалімдері Шарбану Қалиева мен Қуаныш Досжанов та қарияларға 80–90-шы жылдардың тамаша әндерін сыйлап, жастық шақтарын естеріне түсірді. Ал іс-шара барысында сөз алған пансионат директоры Галина Бурматова қазіргі таңда мемлекетімізде қарттарға үкімет тарапынан үлкен мән беріліп, көңіл аударылып, жан-жақты қамқорлық жасалып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт те тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыз екенін де сөз етіп, саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан ата-апаларымызды төл мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ, жиналғандар керемет кештің өтуіне себепкер болған ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын білдіріп, өз кезегінде ардагерлер де мереке қарсаңында ұмытпай, құттықтап келген нұротандықтарға ризашылықтарын ақ баталарымен жеткізді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.