Елімізде танымал, бір ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қазақ егін және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» орналасқан Ұмтыл ауылдық округі де жыл өткен сайын дамып келеді.
Көк желектің ішінде орналасқан әдемі әрі тұрмыс-тіршілігі толымды аумақты бүгінде 17038 тұрғын мекен етеді. Ауданымыздың өзге округтері сияқты қарқынды түрде дамып келе жатқан Ұмтылдың аумағына Мерей, Көлді, Алмалыбақ және Жалпақсай сынды ауылдар кіреді.
Бүгінде округтің экономикасын ауыл шаруашылығы мен өзге де салалары алға қарай жетелеуде. Сондықтан мұндағы тұрмыс-тіршілік те жаман емес. Жақсы өзгерістер мен жетістіктер де жетерлік. Мәселен, таяуда округтің басшылығы өзгеріп, билік тізгінін қолына мемлекеттік қызметте біраз жылдар бойы еңбек етіп, бірқатар тәжірибе жинақтаған Серік Үмбеталиев алды.
Осы ретте газетіміздің бүгінгі санында Ұмтыл ауылдық округінің қазіргі тыныс-тіршілігі жайында кеңінен жазуды ұйғарып, оның әкімімен сұхбаттасқан едік.
Үш ауысымдылық мәселесі шешілуде
Округ тұрғындары біраз уақыт шағымданып жүрген үш ауысымдылық мәселесін шешу мақсатында 2,4 млрд. теңге қаражат бөлініп, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында биыл Алмалыбақ ауылындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржайдың құрылыс жұмыстары басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Мұнан бөлек мектептерге жөндеу жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы А.Макаренко атындағы орта мектепке жөндеу жүргізілсе, биыл «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында, бүгінде 1708 бала білім алып жатқан Алмалыбақ ауылындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы арнаулы гимназияға күрдеулі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мектептің сыныптары мен оқу кабинеттері қалпына келтіріліп, балалардың денешынықтырумен еркін айналысулары үшін үлкен футбол алаңы мен баскетбол және волейбол ойнайтын жеке алаңдар жасалынды. Мұнда жүгіруге арналған жолдар, оқушылардың гимнастикалық жаттығулар жасаулары үшін де арнайы жабдықталған ашық алаң да салынған.
Жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда
Округтің дамуы мен көркеюі бағытында құрылыс жұмыстарымен қоса жол жөндеу жағы да қарқынды жүріп жатқанын айта кетуіміз керек. Әрине, ауданымыздың өзге елді мекендерінде сияқты бұл округте де көшелердегі жолдарда асфальттың жоқтығы жыл сайын көтерілетін өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осы ретте бұл мәселені шешу мақсатында округте көптеген жұмыстар жасалып жатыр деуге болады. Мәселен, өткен жылы Жалпақсай ауылындағы Тілеміс, Алмалыбақтағы Алмалы көшесіне, сондай-ақ, «Өнірлерді дамыту» бағдарламасы аясында, Бұлантай көшесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Алмалыбақ ауылындағы 500 метрлік Сейфуллин мен Бәсібеков көшелері асфальтталатын болады.
Мұнан бөлек онлайн форматта өткен аудан әкімінің есебінде тұрғындар тарапынан жолдардағы шамдар жарығының әлсіздігіне байланысты бірқатар шағымдар айтылған болатын. Осы мәселені жою мақсатында Алмалы мен Ерлепес көшелеріндегі жарықтар LED шамдарына ауыстырылған. Округ әкімі Серік Үмбеталив осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, деді.
Демалыс орындары жайында
Демалыс орындарының құрылыс жұмыстарына келетін болсақ, жалпы Ұмтыл округінде алдағы уақытта тұрғындарды, әсіресе, балаларды демалыс орындарымен қамтамасыз ету үшін оған қарасты Алмалыбақ, Көлді, Мерей және Жалпақсай ауылдарында «Work Out» орталықтарын ашып, Алмалыбақ ауылындағы саябақты заман талаптарына сай жаңарту жоспарланған. Аталмыш жұмыстардың басы биылдан бастау алады.
Нақтырақ айтқанда, бірінші «Work Out» алаңы Алмалыбақта салынатын болды. Бүгінде оның жобалық-сметалық құжаттары жасалып, үстіміздегі жылы құрылысы да басталады.
Бұдан бөлек жоғарыда айтып өткен Алмалыбақ ауылындағы жеке меншікке өтіп кеткен саябақ мәселесі біраз жылдар бойы көтерілген еді. Биыл Серік Қалижанұлы тарапынан аталған саябақ мәселесі де назарға алынып, бүгінде оның мемлекеттік демалыс орны ретінде жобалық-сметалық құжаты жасалып жатқандығын мәлімдеді. Бұл құжаттар облыстан өткеннен кейін саябақ заманға сай жаңартылып, оның аумағында Мәдениет үйі, «Work Out» сияқты нысандар салу жос-парлануда.
Өзге де әлеуметтік мәселелер
Округті жан-жақты дамытып, көркейту жолында жұмыс жасаған кезде оның ең маңызды нысандарының бірі – әкімдіктің ғимаратын да ұмытуға болмайды. Серік Үмбеталиевтің айтуынша, алдағы уақытта бұл мәселе назарға алынып, онда да жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, биыл Алмалыбақ ауылында орын алуы мүмкін кейбір келеңсіз оқиғалардың алдын алу, адамдардың қоғамдық тәртіпті сақтауы үшін тыныштықты күзететін полиция қызметкерлеріне арнап Бөлтірік би көшесінің бойында полиция пунктін салу да жоспарда бар.
Жалпы, Ұмтыл ауылдық округі бойынша осы уақытқа дейін атқарылатын шаруалар негізінен халықтың ұсыныс-пікірі есебінен түзілген. Сондықтан да жоғарыда айтылғандардан бөлек олардың дені тұрғындарға күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолайсыздықтар әкелетін мәселелерді шешуге бағытталған.
Мәселен, осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан бірнеше рет көтерілген көшелерде еркін жүрген қаңғыбас иттер мәселесін шешу мақсатында оларды ұстайтын мекеме тарапынан біраз жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сол сияқты қоқыс жинауды жөнге келтіру бойынша тазарту мекемелерімен келісім жасалып, ол да әкімдік жағынан назарға алынып отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.