Абайдың тағылымға толы мол мұрасы ұлттық мақтаныш екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. Қазақтың бас ақыны өзінен кейінгі ұрпаққа еңбек мен ақылдың арқасында талай жетістікке жетуге болатынын айтып, даналық сөздерімен жақсылыққа жетеледі. Ал, қазіргі таңда Абайдың шоқтығы биік шығармаларының дәріптелу деңгейі біздің елімізде қалай жүзеге асуда? Оның поэзиясын терең түсіне алдық па? Қалың қазақтан бөлек, Абайды сүйіп оқитандар үшін қара сөздерінің қастерлілігі қалай насихатталуда? Биыл туғанына 175 жыл толуына орай, қандай істердің реті қолға алынуда? Міне, осындай сұрақтардың төңірегінен жауап іздейтін болсақ, онда алдымен абайтанушылардың атқарған жұмыстарына зер салуға болады. Сонымен қатар, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның ақылы әлі талай жетістікке бастайтынын да байыппен түсіндіргенін ерекше айтқан жөн.
Ел Президентінің ақынды осылайша ұлықтауында үлкен мән-мағына, сананы сілкіндірер ой жатқанын анық аңғарсақ болады. Иә, жоғарыда айтып кеткендей, абайтанушылар, расыменде, ақынның шығармаларын насихаттау жолында қандай табандылық танытып келеді? Еліміз бойынша осы мақсатта жұмыс атқарып жатқан, әсіресе, ұстаздар қауымы жетерлік деп білеміз. Солардың қатарында аудан орталығында орналасқан В.Белинский атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Молдажимова да бар.
Абайтанушы Айнұр Кәдірбайқызының жалпы, ұстаздық жолда жүргеніне 26 жыл. Ал, аталмыш білім ошағында 10 жылдай уақыт Абайдың шығармаларын зерттеумен қатар, үйірме сабақтарын өткізуде. Шәкірттерінің бірқатары аудандық және облыстық дәрежедегі Абай оқуларына талай қатысып, жүлделі орындардан көрінгенін де айта кетуге болады. Мәселен, 2013 жылы ұстаздың Сардар Сатыбалды атты шәкірті аудандық жарыстан жүлделі болып, XIII облыстық Абай оқуларында ақынның әндерін орындаудан бақ сынады. Айтулы додада Сардар Абай хакімнің «Сегіз аяқ» әнін шырқап, Құрмет грамотасына ие болды.
Бүгінгі таңда Айнұр Молдажимова аптасына бір рет сабақ жоспарына сәйкес үйірме сабағын жүргізеді. Ұстаздың айтуынша, оқушыларының үлгерімі жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, Абай поэзиясына деген шығармашылық қабілеттері де артып келеді. Сабақ барысында білімгерлер ұлы тұлғаны жан-жақты танып, Абайтануға арналған жұмыс дәптері арқылы ақын жайлы ойларын еркін білдіре алады. Оның еңбектерін өз бетінше зерттеп, тың дүниелерді жарыққа шығаруға талпынады. Сондай-ақ, қазақтың ұлы перзентінің шежіресіне де мән беріп, текті ұрпақтың таралуына қатысты ойларын қағаз бетіне түсіруді жөн санайды екен. Міне, осылайша оқушылар Абай әлеміне еніп, ғұлама, ойшылдың құндылықтарын жаңғыртуға барынша үлес қосады. Бұл ретте, әрине, ағартушылықтың жолында жүрген Айнұр Кәдірбайқызының елеулі еңбегін ерекше айтуға болады. Нұсқаушы тәлімгері болмаса, жетістігі мен жеңісі қатар жүретін білімгер қайдан шықсын…
Абайға деген дүниетаным біз айтқан шәкірттер тарапынан басқа да жұмыстар арқылы жанданып келе жатқанын айтсақ дейміз. Жақында Айнұр ұстаздың бастамасымен «Рухани жаңғырудың Абай өлеңдеріндегі рухани құндылықтармен байланысы» атты тақырыпта ғылыми жоба талқыланды. Оның негізгі мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басты бағыттырды ақынның мұрасындағы рухани құндылықтармен салыстыра отырып, ұлттық сананы қалыптастыру. Ал, жобаның жаңашылдығына тоқталсақ, Елбасының мақаласында айтылған мәселелердің ретін Абай ақылы арқылы шешіп, қазақстандықтарды заман талабына сай жаңашылдыққа үндеу. Ғылыми жоба барысында 9 сынып оқушылары ақынның шығармаларындағы орамды ойларды қазіргі заманда орын алып жатқан өзекті мәселелерге арқау етеді. Сол арқылы шешімін табуға талпынып, сан сұрақтың айналасында түсініктерін жеткізеді. Осылайша, қазақтың бас ақынының мол мұрасы ғылыми жоба тұрғысында да дәріптеліп жатқанына көз жеткізуге болады.
Расымен де, адамзаттың Абайын жан-жақты танып білу үшін қоғамдық сананы түлету жолында түрлі жұмыстардың атқарылуы орынды деп білеміз. Тіпті, әлемдік мәдениет саласында да ақынның мәртебесін асқақтата отырып, қазақ елін дүниежүзілік қоғамдастыққа танытуға мол мүмкіндік бар.
Дидар МУХАМАДИЕВ.