Алда келе жатқан маңызды саяси науқанына орай «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған үгіт-насихат жұмыстары өткен аптаның сенбісінде аудан орталығында орналасқан «Алтын ауыл» ықшам ауданында жалғасын тапты. Кездесу барысында партиядан Мәжіліс депутаттығына үміткер Әлия Абсеметова мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерциализациялау басқармасының директоры Дамир Дигай аталмыш ықшам ауданның тұрғындарымен және белсенді жастармен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.
Күн тәртібіне сай өткен кездесуде Мәжіліс пен облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар жиынға қатысқан аталмыш ықшам ауданының тұрғындарымен белсенді жастарға алда келе жатқан сайлау науқанының маңыздылығын түсіндіре отырып, партияның сайлауалды бағдарламасының төңірегінде атқарылатын жұмыстар жайлы кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар, шара барысында Мәжіліс депутаттығына үміткер Әлия Абсеметова мен Дамир Дигай болашағымыздың тірегі – жастар мәселесін көтерді. Нақтырақ айтқанда, кандидаттар бүгінде жастар үшін жасалып жақтан бағдарламалар мен жеңілдіктерден бөлек, өздерінің сайлауалды бағдарламаларына сәйкес, белсенді жастар мен еріктілерге барынша көмек көрсетіп, олардың жұмысы мен білім алуы сияқты тағы да бірқатар мәселелерін шешу жолында қандай жұмыстар атқаратындықтарын кеңінен түсіндірді. Мұнан бөлек басқосуда Мәжіліс пен облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер «Алтын ауыл» ықшам ауданының тұрғындары тарапынан айтылған бірқатар маңызды мәселелермен оны шешу жолындағы ұсыныстарын да тыңдады. Адамдардың өтініш-тілектерін естіген кандидаттар бұл көтерілген мәселелердің барлығын да назарға алып, бақылауда ұстайтындықтарын айтты.
Шара соңында депутаттыққа үміткерлер «Есіктен есікке» атты партия акциясы аясында «Алтын ауыл» ықшам ауданын аралап, тұрғындарды алда келе жатқан саяси науқанға белсене атсалысуға шақырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.