Ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан, өлең өлкесінде орамды ойымен жазба қалдырған, айтыс сахнасында және ақындық жолда шәкірттер шыңдаған, мақал сөздің мәйегін бүгінгі ұрпаққа ұғындырған Серік Қалиевті ел-жұрт ешқашан есінен шығарған емес. Ақынның ажал құшып, өмірден озғанына бір жылдан астам уақыт болыпты. Өзі өлгенімен артында жыр-жауһары қалған Серік аға санамыздан өшкен жоқ.
Сәрсенбінің сәтінде ақын, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер, талай танымал әндерге сөз жазып, жүректерге жол таба білген Серік Мақұлбекұлына арналған еске алу кеші болды. Қарасай аудандық Мәдениет үйінде өткен шараның тақырыбы «Болашаққа хат» деп аталды. Аудан әкімдігі қолдау білдіріп, ақынның жақындары ұйытқы болған бұл кеште марқұмның туған-туысы, үзеңгілес достары, қызметтес әріптестері және шәкірттері бой көрсетті. Сондай-ақ Мәдениет үйінің фойесінде Серік Мақұлбекұлы қызмет еткен аудандық тарихи-өлкетану музейі көрме ұйымдастырды. Онда ақынның шапаны, фотолары, тағы басқа жеке және қызметіне қатысты заттары көпшілікке таныстырылды.
Шығармашылық кештің шымылдығы «Қарасай жастары» театрының өнерімен түрілді. Әртістер ақын Серік Қалиевтің өмірінен сыр шертетін шағын қойылым қойып, оның бейнесін сомдап, өлеңдерін оқыды.
Өнер тарланы жайлы ой қозғалғанда жылы лебіздер мен ескірмейтін естеліктер айтылмау мүмкін емес. Осы ретте алғаш сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекке берілді. Ол сахна төріне көтеріліп, алдымен аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының ыстық ықыласын жеткізіп, ақын туралы пікір білдірді.
– Бұл кеш – талантты ақын, жарқын тұлға, өнегелі ұстаз, мәдениет қайраткері Серік Мақұлбекұлының шығармашылығына арналған құрмет пен тағзымның белгісі. Серік Мақұлбекұлы тек ақын ғана емес, қоғамдық қызметкер де болды. Ол «ХАБАР» және «ҚАЗАҚСТАН» ұлттық телеарналарында авторлық бағдарламалар жүргізіп, мәдениетімізді насихаттауға зор үлес қосты. Мақал-мәтел жобасын ұйымдастырып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға тырысты. Қарасай ауданындағы тарихи-өлкетану музейін басқарып, ауданымыздың тарихын сақтап, мәдениетті дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Серік ағамыздың артында қалған мұрасы – тек шығармашылығы мен өнерімен ғана шектелмейді. Оның өмірі мен еңбегі біздің жастарымызға рухани азық болып, ұлттық мәдениетімізді құрметтеуге үндейді, – деді Бексұлтан Ақылбекұлы. Одан кейін ақынның жары Пернегүл ханымға сахна төрінде құрмет көрсетіп, ізгі ілтипаттың белгісі ретінде қамзол кигізіп, иығына орамал жапты.
Серік аға жайлы естеліктердің легін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Нұрғали Әшір де жалғап, оның ақындығы мен қызмет жолындағы еңбектерін айтты.
Ары қарай кеш тізгінін оның шәкірті, ақын, соңғы жылдары сырласына айналған Қуаныш Қолқа алып, еркін форматта әсерлі етіп жүргізді. Ол алдымен ұстазы жайлы тебіреніп, көзіне жас алып, ағасының өмірден өткеніне сене алмайтынын жеткізді.
Расымен де, Серік Мақұлбекұлы мінезімен көпке сыйлы болған азамат еді. Мезгілсіз өмірден өткеніне ешкім сенбеді. Оның қазасы қазақ руханиятына орны толмас қайғы әкелді. Естеріңізге сала кетейік, Серік Қалиев 62 жасқа қараған шағын дүниеден өтті. 2023 жылдың 27 сәуірі күні түнге жақын ағамыз құптан намазын оқу үшін мешітке бет алған уақытта ажалы көлік апатынан болды деген суыт хабар лезде тараған еді. 30 күн оразасын ұстап, одан кейін шәууәл айының 6 күндік оразасына ниет етіп жүрген еді. Амал нешік, ажал айтып келмейді. Дәл сол күні жақсы адам кетті жыраққа мәңгілік!
Кеш жайлы айтар болсақ, бұл шарада Серік Мақұлбекұлының телевизия саласындағы еңбектері, кино әлеміндегі жетістіктері айтылып, Досымжан Таңатаров, Айгерім Сабырханқызы, Жадыра Есжан, Айнұр Назарбекова, «Үшқоңыр» квартеті сияқты әншілер ақынның сөзіне жазылған композитор, өнердегі досы Бағлан Омаровтың бірқатар әндерін орындады.
Сонымен қатар еске алу кешінде арнайы бейнеролик арқылы Мұхамеджан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаева және тағы басқа шәкірттерінің ұстазына қатысты толғамды ойлары көрсетіліп, Серік ағаның көзі тірісінде жүзеге асырған «Мақал-мәтел айтудан жарыс» жобасы, музейге басшылық еткен сәттері қалың көпшілікке таныстырылды. Одан кейін Қасқырбай Нарбатыров, Шорабек Айдаров, Асхат Ізтілеу сияқты ақын, үзеңгілес достары мен шәкірттері арнау оқыса, көрермендер арасында отты өлеңдерін жатқа оқыған жандар да табылды.
Ақынға арналған рухани кеште жиналған жұртшылықтың еріксіз көзге жас алған сәті де болды. Әсіресе, жетімнің күйін сөзбен суреттеп, «Сәби бақыты» деген атаумен ән арқылы тыңдарманның жүрегіне жеткен туынды шырқалғанда жанардан мөлдір моншақтар үзіліп жатты.
Бұл еске алу кешінің бір мақсаты ақынның өшпес туындылары, өлеңдеріне жазылған әндері, танымды да тағлымды әңгімелері, мәдениет саласында атқарған қызметтері мен еңбектері дәріптелу болса, тағы бірі «Мейірімді болайықшы, бауырлар!» атты кітабының тұсаукесері еді. Осы бір сәт шараның соңында орындалды. Бұл ретте белгілі журналист Талғат Айтбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақынның шәкірті Мұхамеджан Тазабеков, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова сияқты бір топ Серік Қалиевтің көзін көрген жандар сөз сөйлеп, жаңа кітаптың тұсауын кесіп, көпшілікке таныстырды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, сұлу сөздің иесі атанған Серік ағаның жырлары ұлт әдебиетінде ойып тұрып орнын алады деген сенімдеміз. Жыр-жауһарының жұлдызы атанған марқұмның отты өлеңдері, өнегелі мұрасы тұрғанда оның есімі ел жадынан өшпесі анық.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.