Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, ар-ұят, ұлттық сананы сіңіруші жан – ұстаз. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, өзгенің бақытын аялап, өз уақытын аямай жүретін мұғалімдердің қоғамдағы орны да бөлек. Сондықтан болар, ұстаз есімі қашанда ұлағатты. Ал, осы мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны, тіпті, ерекше. Осындай әулеттердің қатарына ауданымызға қарасты Райымбек округіндегі Қырғауылды ауылында тұрып жатқан Қаналиевтер отбасын жатқызуға болады. Осы жолғы газетімізде біз алда келе жатқан ұстаздар мерекесіне орай аталмыш мамандықты таңдап, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатуға сеп болып, қазақы қаймағы бұзылмаған Қаналиевтер әулеті жайында әңгімелеуді жөн көрдік.
Бар ғұмырларын шәкірт тәрбиелееуге арнаған әулеттің отағасы мен отанасы Дәурен Қаналиев пен Ранай Сасызбаеваның тағдырлары өте қызық екені бір қарағанда-ақ білінеді. Құдай қосқан жұп деуге болады. Бала кезінен екеуі де әдебиетке құмар болып, бір саланы тандаған ерлі-зайыптылар, тіпті, бір күнде дүниеге келген екен. Мұның өзі де қызықты жай.
Адамгершілігі мол, кәсібилік пен сыйластық ұғымдарын қатар қоя біліп, қаншама ұрпақтың ақылшысы әрі жанашыры болып, еңбек жолын толықтай мұғалімдік қызметке арнаған Дәуренбек ағамыз 1966 жылдың ақпан айының 20-ы күні Қарақалпақстан Республикасында дүниеге келген. Білімге, әдебиетке жастайынан құмар болған кейіпкеріміз орта білім ордасын тәмамдағаннан кейін Нөкіс мемлекеттік университетіне «Қазақ тілі мен әдебиет» мамандығына түседі. Осы жерде ол асқақ арманына бірінші қадам жасап қана қоймай, өзінің болашақ жары Ранай апайымызбен танысады.
– Жұбайым Ранаймен 24 жасымда шаңырақ көтердім. Екеуміз де бір университетте, бір топта білім алдық. Сол кезден бастап арамызда махаббат сезімі оянды. Себебі, біз екеуіміз де бала кезімізден әдеби кітаптарды оқуды ұнатып, екеуіміз де ұстаз жолын таңдаған едік. Осы ұқсастықтарымыз бізді қатты жақындатты. Оның үстіне бір топта оқығандықтан, достарымыз да, барар жеріміз де бір болғандықтан талай қызықты күндерді бірге өткіздік. Сөйтіп, бір-бірімізбен жақсырақ танысып, біліскеннен кейін үйленуді жөн көріп, 1998 жылы бас қостық. Осылайша бірлігі жарасқан жарасымды әулетке айналдық, – дейді үлгілі шаңырақтың тірегі өз әңгімесінде.
1991 жылы екеуі бірге жоғарғы оқу орнын бітіріп, осы жердегі орта мектептердің біріне жұмысқа орналасып, сол жерде өздерінің алғашқы еңбек жолдарын бастайды. Білім ұясында талай шәкірттерін шыңға бастаған жас мамандардың еңбектері еш ескерусіз қалмай, мемлекет тарапынан талай құрмет көрсетіліп, ерлі-зайыптылар «Үздік мұғалім» атағын алып, марапат биігінен көрінді. Кейіннен Қаналиевтер әулеті Қазақстанға көшіп келуді жөн көріп, 2002 жылы біздің қасиетті Қарасай ауданына, нақтырақ айтқанда, Райымбек округіндегі Қырғауылды ауылына қоныс аударады. Мұнда келгеннен кейін де өздерінің мамандықтарын жалғастырып, осы жердегі орта мектепке ұстаз болып жұмысқа орналасады. Міне, сол уақыттан бері ерлі-зайыпты Қаналиевтер ұстаздық борыштарын адал атқарып, өз шәкірттерін ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелеп, өміріне азық болар білім беріп келе жатқан абзал жандар. Отыз жылға жуық уақыт ұстаздықпен айналысқан ерлі-зайыптылар «ұстаздық ету – жас ұрпақтың жарқын болашағына айқын жол көрсету» деп біледі.
– Біз үшін, әрине, шәкірттеріміздің бізден озып, биік шыңдар мен белестерге жеткені – үлкен қуаныш. Сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, шәкірттерді ұлтжандылыққа, жақсылыққа жетелеу ұстаздың басты міндеті деп ойлаймын, – дейді ұлағатты ұстаздар әулеті саналатын Қаналиевтер шаңырағының түтінін түзу ұшырып, тәлімі мен тәрбиесін бойына сіңіріп, күні бүгінге дейін қара қазанын оттан түсірмеген Ранай апайымыз.
Бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ерлі-зайыпты ұстаздардың ізгі ісін ұл-қыздары жалғауда. Екеуінен өрбіген бір ұл және екі қыз бар. Бір қызығы, ата-анасының жұмысқа деген шығармашыл көзқарастары, мұғалім әлеуетін үздіксіз көтеруге бағытталған әрекеттері олардың балаларының бойында да қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қызығушылық тудырып, бүгінде аялап өсірген үш перзентінің бәрі де ата-анасының жолын қуып, мұғалім жолын таңдаған. Олар аудан мектептерінде сабақ беруде. Атап айтар болсақ, үлкені қыздары Алымбаева Толғанай Абай атындағы Қазақ ұлтттық педагогикалық университетін тәмамдап, бүгінде Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан Ы.Алтынсарин орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Ал, Алматыдағы қыздар педагогикалық университетін бітірген екінші қыздары Гүлсімай болса, біраз уақыт мектепте ұстаз болып алғашқы перзенті дүниеге келгеннен кейін уақытша демалысқа шықты. Екеуі де де ата-ана жолымен жүрсе, жастайынан спортпен айналысып, көптеген биіктерге жетіп, Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған қара шаңырақтың болашақ иесі, кенже ұлдары Бауыржан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын таңдаған екен. Бүгінде ол Ушинский орта мектебінде болашақ жас спортшыларды тәрбиелеуде.
Қаналиевтер отбасының тағы бір ерекшелігі, олар тек білімге ғана емес, сондай-ақ, өнерге де жақын. Мәселен, үйдің үлкендері Дәурен мен Ранай апайымыз бос уақыттарында тек кітап оқуды ғана емес, өлең жазуды да жақсы көреді. Сондай-ақ, ағамыз сурет салуды да ұнатады екен. Ал, әулеттің қыздары болса қолөнермен, нақтырақ айтқанда, тігінмен айналысады. Спортқа жақын Бауыржан қазақтың қасиетті домбырасымен күй тартады, сөйтіп, жақындарының көңілдерін көтергенді жақсы көреді. Өзара түсіністіктері ерекше байқалатын мұғалімдер әулеті жиі бас қосып, бірлесе табиғатқа шығып тұруды да өздерінің отбасылық дәстүрлеріне айналдырған екен.
Әулеттің қайсыбір мүшесін алмайық, бәрінің де өздерінің еңбектері үшін алған марапаттары жетерлік. Жүздерінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты ұстаздар әулеті еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі. Бір-біріне қолдау көрсетіп, білгенін үйретуден жалыққан емес.
Біз ұстаздар мерекесі қарсаңында Қаналиевтер отбасына өмірдегі барлық жақсылықты тілеп, немере-шөберелерінің қуанышына кенеле беруіне ізгі тілегімізді білдіреміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.