Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылында көп адам біле бермейтін облыста жоқ шағын мұз айдын бар. Мұнда балалар мен ересектер үшін коньки теуіп, спортпен шұғылдануларына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ бұл алаң «Барыс» спорт клубының хоккейшілері жаттығатын орынға да айналған. Өткен аптада дәл осы мұз айдынының кезекті маусымының ашылуы өтті.
Спорттық шараға аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров арнайы қатысып, хоккейшілерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол «Барыс» спорттық ойын-сауық хоккей алаңының негізін қалаушы, ардагер спортшы Владимир Калашниковтың еңбегін ерекше бағалап, бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын жеткізді.
Мұз айдынының ашылуында осында жаттығатын хоккейшілер өзара бақ сынасты. Олар бірнеше командаға бөлініп, қыстық спорт түрінен шеберліктерін көрсетті.
Балалардың шыңдалуына қолдау көрсетіп жүрген Владимир Калашников қысқы маусымның ашылуы әр жыл сайын дәстүрге айналғанын айтуда. Ол қарасайлық хоккейшілер бүгінгі таңда республикаға танымал спортшыларға айналғанын мақтанышпен жеткізді.
– Бүгін, міне Тәуелсіздік күніне орай мұз айдынының кезекті маусымы ашылуда. Жалпы айтқанда бұл сырғанақ алаңы хоккей спортының дамуы үшін ашылған. Мұнда тек қарасайлық балалар ғана жаттықпайды, басқа да ауданның жас өрендері келіп шынығуға болады. Қазіргі уақытта 56 бала хоккеймен шұғылданады. Мұндағы жас хоккейшілер республикалық жарыстарға шығып, облыстың намысын қорғауда, – дейді Алматы облысы бойынша хоккейден аға жаттықтырушы Владимир Калашников.
Айта кетейік, балалар тегін жаттығатын хоккей бөлімі №2 Қарасай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты болып табылады. Оның ашылуына мұз айдынының иесі Владимир Степанович себепші болған. Ардагер спортшы 2017 жылы Алматы облысы бойынша хоккейден құрама жасақтап, республикалық чемпионатта үздік атанған. Осылайша аталмыш спорт мектебінен арнайы бөлім ашылып, бүгінгі күнге дейін жас спортшылардың шынығуына мүмкіндік туып отыр.
Мұз айдынында балалар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сабақтан тыс уақытта жаттығады. Бірақ мұз айдынында көпшілік сырғанауға келгенде жаттығу жұмыстары болмайды. Өйткені келушілер үшін арнайы кесте белгіленген.
– Хоккейшілердің жаттығу жұмыстары бөлек болады. Мұз үстінде сырғанам деушілер үшін арнайы кесте қарастырылған және мұнда кіру, конькиді жалға алу ақылы түрде жүзеге асырылады. Себебі мұндай қызметтен түскен қаражатты балалардың киіміне және басқа да керек-жарақтарына жұмсаймыз. Осылайша тапқан табысымызбен шығындарды өтейміз, – дейді жас хоккейшілердің ұстазы В.Калашников
Бір қарағанда, Владимир Степановичтің атқарып жатқан игі ісі таңқаларлық және көпшілік үлгі алатындай десек артық болмас. Себебі жоқ жерден мұз айдынын ойлап тауып, оны балалардың болашағы үшін пайдалану екінің бірінің қолынан келе бермес. Бір жағынан бұқаралық спортты дамытуда, екінші жағынан адамдардың саламатты өмір салтымен айналысуына жағдай жасауда. Ардагер спортшының бұл бастамасы одан әрі дами берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.