Кеше ауданымызға Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының мемлекеттік инспекторы Жайсан Ахметов жұмыс сапарымен келіп, ауданымыздағы бірнеше нысанды аралап көрді. Қарасай жерінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Жайсан Қуатұлын аудан әкімі Жандарбек Далабаев қарсы алып, өзінің орынбасарлары, қала әкімі мен бірқатар бөлім басшыларымен бірге ең алдымен Қаскелең қаласында бой көтерген «Қарлығаш» тұрғын-үй кешенін аралады.
Мемлекеттік инспектор бастаған топ бірінші кезекте көпқабатты үйлердің жанында тұрғызылған балабақшаға кіріп, оның жұмысына оң баға берді. Заманауи үлгіде салынған ғимараттың ішінде бөбектерге қажет дүниенің барлығы ойластырылған. Атап айтқанда, есік алдында жасалған сапалы балалар ойын алаңынан бастап, жатын бөлмесі, сабақ өтетін кабинеттері, демалыс орындары, асханасы және медициналық бөлімінің барлығы да осы заман талабына сәйкес екен.
Сонымен қатар, бұл балабақшаның ерекшелігі, ата-аналар арнайы бейне құрылғылары арқылы жұмысында отырып-ақ өз телефонымен балаларын бақылай алады. Осының барлығын аралап көрген Жайсан Қуатұлы мен аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы мектепке дейінгі тәрбие мекемесі ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң, мемлекеттік инспектор «Қарлығаш» тұрғын үй кешеніне бет алып, ондағы баспаналардың жай-күйімен танысты. Ж.Ахметов ең алдымен бұл үйлердің алаңында жасалған жолдарды, одан кейін екі,үшбөлмелі пәтерлердің жоспарын көріп, ішіндегі бөлмелердің орналасуына мән беріп, жақсы бағасын берді. Сонымен қатар, елімізде Елбасының бастауымен баспаналы болудың жаңа жобасы – «7-20-25» іске қосылғанын да атап айтып, осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да сұрады. Және де, баспаналы болудың тиімді бағдарламасын тұрғындарға көптеп насихаттау өте маңызды екенін де атап көрсетті.
Мұнан кейінгі Жайсан Қуатұлының жұмыс сапары Шамалған ауылында жалғасып, онда ол қабырғасы жаңадан қаланып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.