Маусым айының 23-і және 24-і күндері елімізде мемлекеттік қызметшілер, тәртіп сақшылары сондай-ақ судья және сот қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өткен еді. Осыған байланысты өткен аптаның сенбісі күні ауданымызға қарасты Райымбек ауылдық округінде орналасқан «Nur-Aman» спорт кешенінде спорттық шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Жасұлан Естенов пен ауданның зиялы қауымы қатысты.
Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін шараның салтанатты бөлімі басталып, аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы жиналған қауымды төл мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік қызметші – әрбір істе билік пен халықты жалғайтын алтын көпір екендігін баса айтып, олардың мемлекет алдында берген антын ұмытпай, халыққа адал қызмет етуге шақырды.
– Өз халқың үшін қызмет ету – зор бақыт, үлкен қуаныш. Біз осыны есте сақтауымыз керек. Сіздерді ізгі ниетпен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деген аудан әкімі бірнеше мемлекеттік қызметшіге мерекелік марапаттарын табыстады. Атап айтқанда, аудан әкімі мемлекеттік қызмет саласының дамуына үлес қосқан бірқатар қызметшілерді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Сондай-ақ таяуда елімізде орын алған су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан Қаскелеңнің № 5 өрт сөндірушілеріне ризашылығын білдіріп, өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Мерекелік шара әрі қарай қызметкерлер арасындағы футзалдан достық пейілдегі турнирмен жалғасты. Аталған додаға аудандық сот, прокуратура, аурухана, аудандық және округтік әкімдіктердің қызметкерлерінен құралған 8 команда өзара бақ сынап, шаршы алаңда доп тепті.
Айналма жүйе бойынша сегіз командалар екі топқа бөлініп ала доппен ойнаған қатысушылар кәнігі кәсіби аяқдоп шеберлері секілді қызықты және тартысты ойын өрнегін көрсете білді. Қызметкерлер спортшылар болмаса да өздерінің физикалық дайындықтарымен қатар бір команда болып ойнаудағы дайындықтары мықты екенін байқатты.
Жарыстардың нәтижесі шеберліктерін көрсетіп, ерекше ептілігі мен өзгеше ойын өрнегін көрсеткен командалар жеңіс тұғырынан көрінді. Нақтырақ айтсақ, І орынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметшілерінің құралған команда иеленіп, тоңазытқыш ұтып алды. ІІ орын мен суға арналған диспенсерді аудандық полиция басқармасының құрамасы еншіледі. Үздік үштікті түйіңдеп, қола жүлде мен микротолқынды пешті аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің құрамасы қанжығаларына байлады.
Командааралық және жекелей танылған жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы кубок пен медальдар, дипломдар берілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.