Қан майданда жауға қасқая қарсы тұрған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Жас ұрпақ қазыналы қарттарға бейбіт заман үшін әрдайым қарыздар. Бүгінгі таңда ауданымызда бар-жоғы сегіз ардагеріміз ғана қалды. Олардың көпшілігі өздігінен қозғала алмайтын жасқа келгендер. Біз, жас ұрпақ, көнекөз қарияларымызды атаулы мейрамдарда құттықтап қана қоймай, үнемі оларға құрмет көрсету басты парызымыз деп санауымыз керек. Өйткені, бүгілген беліне демеу көрсетер шақта біздің ізгі ілтипатымыз олар үшін өте маңызды. Биылғы Мемлекет басшысының жариялауымен бастау алған Волонтерлер жылы жақсы істердің қатары артуына мүмкіндік сыйлағандай. Аудандық Жастар ресурстық орталығымен бірлесе жұмыс атқаратын волонтерлер де әрдайым қарттардың хал-жағдайын сұрап, көңіл бөлуді әсте естен шығарған емес. Олардың саны уақыт санап артпаса, азайған жоқ. Бұл жолы еріктілердің қатарында аудандық «Заман жаршысы» газетінің тілшілері де болды.
Осы аптада аудан жастары Қаскелең қаласының тұрғыны, ҰОС ардагері Василий Безруковтың үйіне барды. Еріктілерді ыстық ықыласпен күтіп алған ақсақал олармен емен-жарқын әңгіме етті. Сонымен қатар, жастар қарияның ауласындағы қарды тазалауға көмектесіп, ізгі ниетпен азық-түлік себетін табыс етті. Бір сәтке болсын, жүзіне күлкі, жүрегіне қуаныш сыйлаған кездесу екі жаққа да ерекше әсер қалдырды. Өз кезегінде Василий Иванович ҰОС ардагерлерін ұмытпай келіп тұратын жастарға алғысын білдірді.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қанша алғыс айтылса да, көп болмасы анық. Әрқашанда олардың ерліктері, батырлықтары, неміс-фашистерімен бетпе-бет келіп тайсалмай талай шайқасты күндерді бастан өткізіп, бізге бейбіт өмір сүруді сыйлаған жандардың игілікті істері жастарға үлгі болып қала бермек.
Сәния НҰРМҰХАН,
аудандық Жастар ресурстық
орталығының маманы.