Биыл Ұлы Жеңіске – 77 жыл. Бүгінде қатарлары қатты селдіреп үлгерген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің шаңырағында сақталған сарғыш қағаздар – «Майдан хаттары» деп аталады. Сандықта сақталған хаттар – сан түрлі тағдыр иелері!..
Осы аптадағы Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінде жас жауынгерлер курсынан өтіп жатқан «Көктем-2022» шақырылымының 500-ге тарта жас сарбаздары алып шаһардағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрына барып, «Майдан хаттары» қойылымын тамашалады.
Сарбаздарға арналған мәдени сапарды аталған департаменттің Тәрбие, идеологиялық және кадр жұмыстары басқармасы ұйымдастырды. Лайықты бағасын беру керек, сарбаздардың мәдени демалысының қалыпты өтуі үшін қолға алынған шаралар аз емес. Жас шекарашылардың өнер театрына сапары соның нақты дәлелі.
…Ұлы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында көрермендердің назарына ұсынылған «Майдан хаттары» бір ғана тағдыр иесіне арналмаған. Жалпы, көрермендер назарына ұсынылған қойылымның «Майдан хаттары» деп аталуы тегін емес. Себебі, оқиға желісі хаттар арқылы неше түрлі тағдырларды бейнелейді. Бірі майданнан ұлын күтсе, енді бірі сүйіктісін тосады.
Соғысқа бір үйден аттанған Жексенғұлы мен Қосшығұлын 40 жыл бойы күтіп, өмірден аңырап өткен ананың зарымен басталатын пьеса – Жамбыл бабамыздың майданнан қайтпай қалған баласын, шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүктің елге жазған хаттары туралы сыр шертеді. Күтумен өткен ғұмыр иелерінің бара-бара сарытапқа айналған ыстық сағыныштары сахнада әдемі өріледі.
Ана, Әлия туралы әндермен әрленген қойылымның тағы бір ерекшелігі бар. Рухты, патриоттық сезімді оятатын «Ана туралы», «Әлия», «Қара кемпір», «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты әндер сахнада жанды дауыспен орындалады. Осыған қарап, театр ұжымының бірнеше бағытта жұмыс жасағанын байқамау мүмкін емес. Этно-фольклорлық ансамбль толық жанды дауыста өнер көрсетті. Өнер ұжымы қойылымды бастан-аяқ ұлттық аспаптармен сүйемелдеп отырды.
…Аталған өнер ошағының репертуарына енгеніне көп болмаған «Майдан хаттары» спетаклінің қоюшы режиссері театрдың көркемдік жетекшісі Жұлдызбек Жұмабай.
…Сағынышқа толы хаттармен бірге, ерлікпен қаза тапқан ерлердің артынан қара қағаздар да келетін. Сонда аспанның асты күңіреніп кетер еді… Баласын жоқтаған әке мен ана, ерінен айырылып жүрегі қақ айырылған жар…
…Әдемі сазбен басталып, әдемі сазбен аяқталған қойылымды зал толы көрермендердің қатарында болған сарбаздар да жылы қабылдады. Ұлы Жеңістің қаншалықты қымбатқа түскенін «Майдан хаттарына» қарап терең түсінген жас шекарашылар қойылымнан кейінгі «Көрермен лебізінде» бүгін сахнада өнер көрсеткен ұжымға алғыс айтып, шығармашылық шабыт тіледі.
Театрдан ауыр оймен шыққан сарбаздар қашан шекараға аттанғанға дейін киелі шаңыраққа оралуға уәде берді. Өздерінің патриоттық рухтарын жани түсу үшін… Бүгінгі заманның жастарына қажет рухани дүниемен сусындау үшін.
Журналист Т.ДӘУЛЕТБАЕВА.
ҰҚК Шекара қызметі.