Жақында Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып, онда бірнеше мәселе қаралды. Отырысты аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Аудандағы жер қатынастарының жай-күйі, жерді тиімді пайдалану деңгейі, пайдаланылмаған жер телімдерін мемлекет құзырына өткізу жұмыстарының жүргізілуі, тұрғын үй салуға арналған жер телімдерінің жоспарланған деңгейі туралы» аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Болубаевтың есебі тыңдалды.
Қарасай ауданындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 80701 га, оның ішінде егістік жер 38661 га, суармалы егістік 13131 га, көп жылдық егістік 3646 га, тыңайған жер 13125 га, оның ішінде суармалы жер 4229 га, шабындық 4393 га, жайылымдық жер 75452 га, оның ішінде суармалы жер 763 га. Нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлері жөнінде 2016 жылы 15 қыркүйекте, 2017 жылы 31 шілдеде Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына ақпарат жіберілген. Аудандық жер қатынастары бөлімі және аудан әкімдігі аппаратының заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің ұсынуымен, аудан әкімдігінің қаулысымен жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алуға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс тобы құрылған. Қазіргі кезде жұмыс тобы аумақтарды тексеріп, жұмыс жүргізуде. Республикалық «Жер қатынастарын реттеу саласындағы 2017-2019 жылдарға арналған жұмыс жоспарына» сәйкес, облыс аумағында меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың жеріне құжаттық түгендеу (ревизия) жұмыстары да атқарылуда. 2017 жылы ауылшаруашылығы жерлерінің пайдаланылуына жүргізілетін тексеру мен мемлекеттік меншікке қайтару тәртібіне арналған аудандық семинар өткізілді.
Бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Мәсімақынов, мүшелері М.Ахметов, Р. Мамедов ортақ істі ілгерілетуге қатысты ұсыныс-тілектерін айтты.
Мұнан кейін «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Іргелі, Райымбек ауылдық округтерінің әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалуы барысы туралы» округтердің әкімдері Қ.Атшабаров пен А. Әуесбай есеп берді.
Бұл ретте аталған әкімдіктерде бірқатар жұмыс атқарылған, бірақ, әлі де шешімін күткен мәселелер бар, енді соларды жүйелі жүзеге асыруға күш салу керек. «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А. Ықылас және тағы басқа комиссия мүшелерінің пікірі осындай болды.
Келесі кезекте күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Даму» мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысы туралы» аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы И. Қалиев хабарлама жасады.
Ауданда 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліпен айналысатын 12427 субъект тіркелген, оның ішінде шағын кәсіпорындар 2597, жеке кәсіпкерлер 7297, ауылшаруашылығы саласында 2533 нысан жұмыс істеуде. Бүгінде кәсіпкерлікпен 57061 адам айналысады, орташа жалақысы 110 мың теңге. Бюджеттік төлемдер түсімі 5 млрд. 834 млн. теңгені құрады. Ауданда барлығы 33 туристік нысан жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша «Молл Апорт» орталығын кеңейту-жаңғырту жұмысы аяқталып, кешен алаңы 5000 шаршы метрге ұлғайтылды. «Хоум Март», «АгроЛэнд» ЖШС-мен жалпы 8,07 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Аталған жобалар бойынша 3600 жаңа жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың екінші жарты жылдығында «Хамле Компани ЛТД» ЖШС 25 млн. доллар шетелдік инвестиция тарту арқылы, зауытты жаңғырту жұмысының бірінші кезеңін аяқтайды. Тамыз айында «Мадонна» демалыс аймағында қонақ үй ашу жоспарлануда. «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жапай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты шеңберінде ауданда 2017 жылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсына 258 үміткер жіберілген. Оның ішінде 40 адамға жеке кәсіпкерліпен айналысу үшін 174 млн. 950 мың тенге несие берілген.
Комиссия мүшелері А. Ықылас, Қ.Юсупалиев және басқалары бұл мәселенің мәніне де жете назар аударып, кәсіпкерлікті одан әрі кеңейту әрі оны экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру жөніндегі өздерінің ой-пікірлерін білдірді.
Қоғамдық кеңестің отырысын оның төрағасы С.Мәсімақынов қорытындылап, бұл жұмыстардың маңыздылығына тағы да назар аудартты.
Талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.