Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бұл – айтулы мереке. Тәуелсіздіктің ең басты белгісі – оның негізгі халқының ана тілі, ұлттық мәдениеті. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген ел өзінің салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды. Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен ана тілін дамытуға күш салғанымыз жөн. Осы мақсатта жақында біздің мектепте,Тілдер күніне орай, «Ана тілім – мақтанышым, мерейім!» атты сыныптан тыс жұмыс өтті.
Аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, осы жолдардың авторы Бұлан Жамбылмен кездесу өткізді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, оны құрметтеу керек екенін ұғындыру мақсатында «Ана тілім – мақтанышым, мерейім!» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.
Бұлан Жамбыл – Жамбыл Жабаевтың ұрпағы. Мамандығы – заңгер. Қазақ мемлекеттік Заң академиясын бітірген. Бірақ, өзі бұқаралық ақпарат құралдарында тілші-журналист болып еңбек етті. Қазақ радиосында, «Рахат» телеарнасында журналист-жүргізуші, «Айқын» газетінде тілші болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына аудармашы, әдеби редактор ретінде қатысып, шетелдік авторлардың шығармаларын қазақшаға аударуға атсалысты. Қазір «Білім лэнд» жобасы бойынша оқулықтарды, оқу материалдарын редакциялауға қатысып жатыр. Сондай-ақ, атақты әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, ғалым Алма Қыраубаеваның ұлағатты ісі мол осы ұлымен кездесу, жас ұрпақтың түрлі сұрақтарына жауап алуы өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға, бағыт-бағдар беріп тың тәрбие көзі болды.
Эльмира КУТУМОВА,
Б.Қосынов атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.