немесе жүзден жүйрік жастар қанатты сөз айтудан сынға түсті
Терең мағынаға толы қазақтың нақыл сөздерімен өскелең ұрпақтың санасын сусындатып, ұлтжанды, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін ұлт мәдениетін жаңғыртатын байқаулардың болуы маңызды. Оның дәлелі ретінде «Мақал – сөздің мәйегі» деп аталатын байқауды ерекше айтуға болады. Бүгінде қанатты сөздің қасиетін ұқсам деп, жарысқа қатысуға ниетті жастардың қатары артып келеді.
«Мақал – сөздің мәйегі» ауданымызда бастау алған жастарға арналған жарқын жобалардың бірі. Әдебиетімізді әспеттеп, нақыл сөздерді керек жерде саптай білуге тәрбиелейтін, мақсаты айқын, ұлтжандылыққа үндейтін осындай сөз жарыстары тіл мәдениетінің саласында қалыптасуы өте орынды деп білеміз. Аудан көлемінде насихатталып жүрген «Мақал – сөздің мәйегі» байқауы дүйсенбі күні облыстық деңгейде аталып өтіліп, жалынды жастар жарыс алаңында тағы да бас қосты.
Ағымдағы жылдың 20 наурызына дейін Алматы облысына қарасты аудандар мен қалалар арасында өткізілген байқаулардың жеңімпаздары осы жолы өз ауданының абыройын арқалады. Қаскелең қаласындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған рухани шараға Алматы облысына қарасты 17 ауданның және Талдықорған, Текелі, Қапшағай сияқты қалалардың намысын қорғауға 20 оқушы бақ сынауға келді.
Байқаудың басы құттықтау сөзден, сәттілік тілеуден басталып, ортаға осы жарысқа қолдау білдіруші жандар шақырылды. Алдымен сөз кезегі аталмыш жобаның облыстық деңгейде өтуіне қолғабыс етіп, қаржыландырып жүрген Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаевқа берілді. Содан кейін, Елбасымыздың рухани жаңғыру идеясына қолдау көрсетіп отырған аудан әкімдігі атынан аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. Ал, облыстық деңгейде өткізіліп отырған бұл жарысқа қара қылды қақ жарған қазылар өз төрелігін көрсетті. Олардың қатарында елімізге белгілі ардагер журналист Тілеуқабыл Мыңжасар, осы байқаудың жоба авторы болып табылатын, ақын, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев және ақын Қуаныш Қолқаев болды. Аталған үштік қазы жастардың сөз саптауын саралап, тапқырлықтарына баға берді. Рухани жарыстың тізгінін елімізге белгілі, жас айтыскер Сырым Әуезхан өзі алып, жүргізушілік қабілетімен, әзіл-қалжынымен көптің көңілін көтеріп отырды.
Сөз жарысында әр ауданның, қаланың жастары барынша бар білімін ортаға салды. Байқаудың шарты бойынша білімді жастар алты айналым («тақырып айтыс», «жоғалған сөз», «сөзден мақал құрау», «қайым айтыс», «балама мағына», «мақалдың мағынасына мән беру») бойынша бақтарын сынап, келесі кезеңге әрқайсысы өтуге талпынды. Алайда, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқаудың талабына сай ақтық мәреге төрт топтың жеңімпаздары ғана өтуі тиіс. Сөйтіп, топтық ойынның жеңіс тұғырынан көрінген төрт жасөспірім ақыл-ойдың ұшқырлығын танытып, ақтық ойынға жолдама алды.
Бұл кеште көрермендер арасында да мақал-мәтелден, жұмбақ жасырудан ойындар өткізіліп, арнайы сыйлықтар да табыс етілді. Өз кезегінде ауданымыздың мақтанышы, жыраулығымен танымал Баймұхамбет Мұқатай күмбірлеген домбыраның құлағында ойнап, жырдан шашу шашты. Шара барысында тіпті, әр аймақтан келген оқушылар пародия, ән айту, өлең оқу сияқты өнерлерін ортаға салып, жиылған көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сонымен, финалдық ойында Балқаш пен Қарасай аудандарының және Талдықорған мен Текелі қалаларының атынан шығып отырған қыздардың білімдері сарапқа салынды. Тартысты өткен бәсекелік ойында жерлесіміз, аудан намысын абыроймен арқалаған Қымбат Сламбай қарсыластарынан оза шауып, «Мақал – сөздің мәйегі» байқауының жеңімпазы атанды. Қымбаттың қанжығасына бұйырған жарыстың 100 мың теңгелік жүлде қорын Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев өзі табыстады. Сондай-ақ, бұл сөз жарысында ІІ орынға ие болған Текелі қаласынан келген Аружан Тоқановаға 90 мың теңгенің сертификаты табысталса, 80 мың теңгелік сыйақысы бар жүлделі ІІІ орын талдықорғандық Аружан Қадырға бұйырды. Жалпы, жарысқа қатысқандардың барлығы марапаттан құралақан қалмады десек болады. Мәселен, «талпыныс», «ынталандыру» сияқты номинация иегерлеріне ақшалай сыйлық табысталса, басқа белсенді қатысушы ұл-қыздарға Алғыс хаттар берілді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.