Осы жылдың сегізінші қаңтарында алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІХ сессиясы өтті. Сессияға халық қалаулыларынан бөлек аудан әкімі Жандарбек Далабаев, орынбасарлары, қала және ауылдық округтердің әкімдері, бюджеттік мекемелер мен бөлімдердің басшылары қатысты. Сессияны оның төрағасы, депутат Ақшолпан Марат ашып, жүргізді.
Сессияның күн тәртібі бойынша Қазақстан Республикасының орталық сайлау комиссиясының 2019 жылы сайлау комиссияларының құрамын құру туралы ұсынымына сәйкес, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін ұсыну мәселесі қарастырылды. Осыған орай соңғы бес жылдың ішінде экономикасының қарқынды өсуіне байланысты аудан тұрғындарының санының күрт өскені, нәтижесінде сайлаушылардың саны 112 мыңнан бүгінгі күнде 188 мың 277-ге жеткені айтылды. Бұл ретте бұрынғы 57 сайлау учаскесіне аудан әкімінің шешімімен қосымша 44 сайлау учаскелері қосылып, 101-ге жеткені мәлімделді. Осы орайда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заң талабына сай халықтың саны өсуіне байланысты сайлау учаскелерін құру – жергілікті әкімнің, ал, сайлау комиссиясының мүшелерін бекіту мәслихаттың өкілеттілігіне кіретінін ескере келе, учаскелік комиссияларға мүшелер сайлаудың қажеттілігі туындап отырғаны аталып өтті. Қолданыстағы заңға сәйкес, осы сайлау комиссияларының құрамы туралы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсыныстар келіп түскен.
Аумақтықтан 7 және учаскеліктен 817 адамнан құралатын сайлау комиссиясы мүшелеріне барлығы 824 үміткер ұсынылды. Сессия барысында депутаттар барлық үміткерлердің тізімін қолдады. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге де мәселелер бойынша бірқатар шешімдер қабылданды.
Сессияда аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы да сөз алып, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жақсы екенін айтып, экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға зор үлес қосып жүрген халық қалаулыларына алғысын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.