Тәуелсіздік мерекесі аясында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына өлшеусіз үлес қосып, түрлі салада белсенді қызмет атқарып жүрген бірқатар қарасайлық азаматтардың мерейлері үстем болып, алғысқа бөленді.
Қазақстан халқының бағы болған, азаттықты паш ететін биыл тұғырлы тәуелсіздікке 29 жыл толып, ұлттық мереке еліміз бойынша санитарлық талапқа сай, лайықты деңгейде аталып өтілді. Өткен аптада айтулы күннің құрметіне орай Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы драма театрында салтанатты жиын өтіп, Жетісу өңірінің әлеуетін арттырып жүрген азаматтар түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Мерекелік басқосуға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ҚР Президентінің Жарлығымен еңбектері еленген бірқатар жетісулыққа мерейлі марапаттарын табыс етті. Олардың қатарында әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттырып, денсаулық, спорт, білім, өнеркәсіп, түрлі шаруашылық бағытта және басқа да салада қызмет істегендер бар.
Бұл айтылғандардың ішінде Қарасай жерінде өз саласында жемісті жұмыс атқарып, ауданның абыройын арттыру мақсатында тер төгіп жүрген азаматтарымыз да бар екенін айта кеткен жөн. Олардың бірі – «Úshqońyr» спорт кешенінің директоры Дәурен Төлеген ҚР Президентінің «Құрмет грамотасына» лайық деп танылды. Спорт мектебінің басшысына марапатын облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы жоғарыда айтып кеткен мерекелік жиын барысында өз қолымен табыстап, құттықтады.
Ал, Мемлекет басшысының «Шапағат» медаліне ие болған «БН Алтын орда ЛТД» ЖШС-нің директоры Данияр Әбдіғапаровты осы аптада Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев арнайы құттықтап, медалін кеудесіне тақты. Сонымен қатар, аудан басшысы дәл осы шағын басқосуда «Таусамалы Қызмет» МКК-нің директоры Бауыржан Айнабековке де құрмет көрсетіп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың арнайы алғысын табыс етті.
Марапаттарға ие болып, қуанышқа кенелген қарасайлықтар үшін бұл көрсетілген құрметтер еткен еңбектің, төккен тердің жемісті жетістігі деп білеміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.