Бүгінде елімізде 4 миллионнан астам жастар бар. Демек, қазақстандықтардың әрбір төртіншісі 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар екенін ескерсек, олардың қаншалықты әлеуетті күш екенін аңғаруға болады. Ал, оларға қандай жағдай жасалып отыр? Жастарға қандай бағдарламалар қарастырылған? Қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін қандай шараларды қолға алу керек? Осы және өзгеде сұрақтарға біз зерттеу жүргізіп, анықтап көрген едік.
Жалпы, қазіргі таңда ауданымыздағы жастардың саны 54 мыңнан асқан. Елбасымыз соңғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жыл – жастар жылы болады деп нақты айтып өтті. Яғни, келе жатқан жыл болашақ буынға жаңа мүмкіндікке толы болмақ. Алайда, үкімет тарапынан осы уақытқа дейін де жастарға тиімді бағдарламалар жұмыс жасап келеді. Атап айтсақ, 2016 жылдың 29 желтоқсанында № 919 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» үш бағыт бойынша жас азаматтармен тығыз іс атқаруда. Оның алғашқы бағыты қатысушыларды техникалық және кәсіптік білім мен қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз етеді. Ал, екіншісі жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бастау бизнес» жобасы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында бизнес негіздерін оқу курстары арқылы шағын несие алуға жол ашса, үшіншісі жоғары немесе орта оқу орындарын аяқтаған азаматтарға жастар тәжірибесінен өтуге мүмкіндік береді. Енді, әрқайсысына арнайы тоқталып, толық мәлімет берсек. Ең біріншісі бойынша, яғни, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту кадрларды даярлаудың дуальды моделінің элементтерімен білім беру ұйымдарында, оның ішінде мобильді оқу орталықтары арқылы жүргізіледі. Бұл цифрлық сауаттылық дағдыларына, ағылшын тіліне және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша да өткізіліп, оның ұзақтығы кәсіптің ерекшелігіне қарай бір айдан алты айға дейінгі мерзімді құрайды. Бұл білім алу процесі жинақталуына қарай кіші топтарда жүзеге асырылып, бағдарламаға қатысушылар оқуына ақы төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, басқа қаладан келген қатысушылар үшін жалға алған тұрғын үйінің қаражатын өтеу де көмек көзделген. Алайда, шалғай ауылдарда тұратын адамдарға келу қиын болса, мобильді оқу орталықтары арқылы өту де ойластырылып қойылған.
Ал, бағдарламаның екінші бағытында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды және қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беру міндеттерін іске асыруды көздейді. Жалпы, қарапайым тілмен айтқанда бұл бағыт өз бизнесін ашқысы келген азаматтарға өте ыңғайлы. Әрине, кез-келген жұмыстың өзіне тән талаптары болады. Мұнда микрокредит алу үшін міндетті түрде кепіл ретінде үй болу керек. Бірақ, үй болмаған жағдайда ата-анасының немесе туыстарының баспанасын қою арқылы да алуға болады. Микрокредитке қол жеткізу үшін ең алдымен Жұмыспен қамту орталығына барып кезекке тұру қажет. Одан кейін, ол жердің мамандары «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығына бір айлық оқуға жолдама береді. Арнайы сертификат алған соң, қайта орталыққа келіп, қажетті құжаттарды өткізу керек. Бұл несиенің жылдық үстеме пайызы – алты. Берілетін мерзімі бес жылға дейін. Жыл басынан ауданымызда бес азамат несие алып, өз кәсібін дөңгелетуде.
Енді үшінші бағыт – жастар практикасы. Ол арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі бірден-бір жол. Оқу орындарының түлектерін еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы «Жастар практикасы» бағдарламасы жұмыспен қамту органдарымен ойдағыдай қолданылады. Осы бағдарлама жас түлектерге, олар алған мамандықтар бойынша практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді және оларға келешекте тұрақты жұмыс орындарына орналасу үшін зор перспективаларға жол ашады.
Қазіргі уақытта жастар тәжірибесі 29 жасқа дейінгі оқу орындарын бітірген түлектерге арналған. Яғни, университетті немесе колледжді аяқтаған мамандар мен жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтар қатыса алады деген сөз. «Жастар практикасы» уақытша жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады және мынадай ерекшеліктері бар:
1) арнайы түлектердің алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына арналған;
2) «Жастар практикасына» қатысушыларға еңбекақы төлеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі;
3) жұмыс орындарының саны шектелмеген, жұмыс уақытша сипатта болады және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос жұмыс орындарын пайдалануға болмайды;
4) жолданатын түлектер уәкілетті органда немесе халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуге және олардың жасы 29-дан аспауы тиіс;
5) жолдама беру сәтінде жолданатын азаматтар үшін уәкілетті органда және халықты жұмыспен қамту орталығында лайықты тұрақты жұмысы болмаған болуы керек.
Әрине, жастарға жақын мемлекет бағдарламалардың қатары мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама іске асуда. Бұл жоба жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы маман ауылдық елдімекенге жұмысқа орналасқан жағдайда тек қана 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы алады. Сонымен қатар, қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 % мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған маман ауылдық елдімекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады. Маман ретінде аталған әлеуметтік қолдауларға ие болу үшін Сіз ауданның (облыстық маңыздағы қаланың) ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі уәкілетті органына құжаттарыңызды тапсыруыңыз қажет. Бұдан өзге Елбасының Жолдауында айтылған «7-20-25» бағдарламасы да жас отбасыларға баспаналы болуға көп мүмкіндік береді. Аталмыш жаңа бастама арқылы айлық төлемақысы төмен пәтер алуға болады. Ия, бұл әлеуметтік бағдарламадан басқа, жаз айында бос жүретін жастарға арналған «Жасыл ел» жобасы жұмыс істейді. Бұған жаз айында тұрғылықты жерінде тазалықты ұстағысы келетін белсінді жастар қатыса алады. Сонымен қатар, оларға 50000 теңгеге жуық айлық та қарастырылған.
Қорыта айтқанда, кез-келген жас үкімет тарапынан ойластырылған бағдарламаларға қатысып, өзінің әлеуметтік, материалды тұрғыда жағдайын жақсартуға көп мүмкіндік ала алады. Ең бастысы, болашағына нақты мақсат қойып, ерінбей еңбек етсе жеткілікті.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.