Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, олардың қоғамға бейімделуіне, жұмысқа орналасуына қазіргі таңда көптеген жағдай жасалып жатар. Сондай шаралардың бірі ретінде жақында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында өткен, «Кедергісіз келешек» партия жобасы аясындағы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесін айтуға болады. «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы, халықты жұмыспен қамту орталығы және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен болған жәрмеңкеге бірқатар ауылдық округтердегі ірі кәсіпорындардың өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.
Жиынды ашып, жүргізген партияның аудандық филиалының кеңесшісі Ералы Ахметқожаев мүгедек жандарға қандай көмектер жасалып жатқанын айтып өтті. Оның айтуынша ауданымызда 4980 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның ішінде 1825 азамат жұмысқа жарамды. 2018 жылдың басынан халықты жұмыспен қамту орталығына мүмкіндігі шектеулі жан ретінде тіркелген 120 адамның 52-сі жұмысқа орналастырылған. Ал, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап тіркелген 25-інің ішінен 1 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылып, 17-сі – қоғамдық жұмысқа, 1-і – жастар тәжірибесіне, 5-і – әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» I бағыты бойынша қайта даярлау курсына 6 азамат жіберіліп, ІІ бағыты бойынша 1 азамат шағын несие алды және 7 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқыды. ІІІ бағыты бойынша қоғамдық жұмысқа 35 азамат, әлеуметтік жұмыс орнына 1 азамат жіберілген.
Жалпы, жәрмеңкеге 20-дан астам жұмыс беруші қатысып, өздерінің өндіріс орындарын таныстыра келе, жұмыс іздеушілерге 10-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Негізінен бос жұмыс орындары келесі салалар бойынша ұсынылды, олар – тігінші, қызмет көрсету саласы, күзетші, дайын өнімдерді қорапшалар мен қаптарға жинақтаушылар (фасовщик), механик, электрик, жүргізуші, агроном, түрлі жұмыстарды атқаратын адам(разнорабочий), мал дәрігерлері. Сондай-ақ, кәсіпорындардың өкілдері мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қандай жеңілдіктер жасалатыны жайлы да айтып өтті. Ал, жұмыспен қамту орталығының директоры Эльмира Тасырова жұмыс істейтін мүгедек адамдар үшін шаштараз, аспазшы, күзетші сияқты және тағы да басқа мамандықтар бойынша үш айлық тегін курстардың бар екендігін, айтып, өз ісін бастаймын дегендерге қаржылай көмек көрсетілетіндігін де жеткізді. Сонымен қатар, жиында «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының жетекшісі Тажиғали Ходжамұратов қазіргі таңда кәсіпкерлерге, мүгедек адамдарды жұмысқа алаған жағдайда, мемлекет жағынан көптеген женілдіктер жасалатынын және осы туралы көптеген кәсіпкерлердің білмейтіндігін айтып, жұмыс берушілермен арнайы әңгіме өткізу керек, деген ұсынысын айтты.
Жәрмеңкеге келушілер кәсіпорындардың кадрлық қызметтер өкілдерімен бетпе – бет сөйлесіп, олардың жұмыс орындарымен танысып, жұмыс іздеушіге қоятын талап-тілектерін тыңдады. Өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.